Астана қаласы мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОЛ НЕ ДЕЙДІ
Болат Мажағұлов бірқатар бұқаралық ақпарат құралында сот талқылауында анықталған жайттарға қатысы жоқ мәліметтер тарап жатқанын жазады.
– Мен туралы және соттың маған тағылған айыптарды қарауының мән-жайлары туралы ақпарат тарады. Бұл жарияланымдардың бәрі өкілдері бірде-бір сот отырысына қатыспаған басылымдарда жарық көрді. Олар айыптау актісінің бірде-бір мәлімдемесі сот процесінде расталмағаннан кейін пайда болып отыр, – дейді ол.
Бұған дейін Мажағұловтың адвокаттары процеске қатысқан баспасөзге наразылығын жеткізген еді. Отырыс басталар алдында қорғаушылар тыйым салынғанына қарамастан түсіріп алған телеарналардың біріне шағымданған. Кейінірек сот ережелерін бұзбаған басқа БАҚ-қа да шүйліккен.
МАЖАҒҰЛОВТЫҢ ІСІ
Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов былтыр қыркүйекте ұсталған еді. Ол 2016 жылы "Күн" субұрқағын салу кезінде ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Кейін оның мүліктеріне шектеу қойылды.
Мажағұлов пен Қанапиннің үстінен қозғалған іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлігін иемдену немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айып тағылды. Мажағұловтың қорғаушысы бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу туралы міндеттемеге ауыстыруды сұраған. Прокурор мен басқа сотталушының адвокаты өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Оның соты әлі өтіп жатыр.