Премьер-министрдің депутаттарға берген жауабында кәсіподақтардың жұмысын қалай жетілдірілетіні жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ
Жалпы заңға сәйкес кәсіподақтарға елдің еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу арқылы жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау құзыреті берілген. Келісімдерде, ұжымдық шартта көзделген жағдайларда жұмыс берушінің тәртіптік жаза қолдану және еңбек шартын бұзу туралы актісі шыққанға дейін жұмыс беруші кәсіподақтың дәлелді пікірін тыңдауға міндетті.
– Былтыр наурызда жаңа бас келісімге қол қойылды. Құжатта жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау бойынша кәсіподақтардың рөлін арттыру жөніндегі тараптардың міндеттемесі бекітілді. Осы келісім шеңберінде кәсіподақтардың қызметін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ, қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында кәсіподақтардың жылдық қаржылық есептілігін жасау, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып, қаржылық тексеру жүргізу міндетін бекіту жөнінде түзетулерді енгізу жоспарланып отыр, – дейді Бектенов жауабында.
Үкімет басшысы аталған бағыт жұмысшылардың сенімін күшейтіп, кәсіподақ мүшелерінің санын ұлғайтып, олардың қорғауындағы жұмыскерлердің үлесін арттыруға ықпал етеді деп есептейді.
ЕҢБЕК ДАУЛАРЫ
Қазақстанда кейінгі кезде еңбек даулары тыйылар емес. Бұл ең алдымен, кәсіподақтардың да жұмысымен байланысты. Жақында “Қазақмыстан” шу шығып, тараптар келісімге келгендей боғаны. Оның алдында Жаңаөзенде "Өзенмұнай" АҚ-ға қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" мекемесінің жұмысшылары үш аптадан астам ереуілдетіп, уақытша келісім негізінде жұмысына қайта оралды. Алайда “шарттарымыз орындалмаса, ереуілді жалғастырамыз” деп отыр. Ulysmedia дүркін-дүркін болатын еңбек дауларына не себеп, шешілмей жатқан қандай мәселе бар, ақырында бұған кім жауапты деген сұрақтарға жауап іздеп көрген еді.