×
530.24
543.97
5.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
530.24
543.97
5.16

Ол кісіні саналы адамдар ғана оқыды – блогер жазушы Мағауин туралы естелігін айтты

Ол кісіні саналы адамдар ғана оқыды – блогер жазушы Мағауин туралы естелігін айтты
instagram.com/qasymkitap

Белгілі сценарист, ТВ редактор, блогер Перизат Мырзахмет Мұхтар Мағауин туралы естелігін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

“МЕНІ ҚАЗАҚҚА ҚАЙТАРҒАН АДАМ”

Перизат Мырзахмет Мағауиннің шығармашылығымен университет кезінде танысқанын айтады. 

– Маған қазақты, мені қазаққа қайтарған адам. Мектеп бітірген кезде қазақ әдебиетін білгенімізбен, қазақтықтан қашып жүрген кезіміз болатын. Ата-әжемнің қолында өссем де медианың әсері болып, орысша сөйлеп кеткен, қазақы дегеннің бәрі онша емес, сәнді емес деп ойлап адасқан шағымда университеттегі ұстазым Мұхтар Мағауиннің әлемімен таныстырды. Оған дейін 1-2 шығармасын оқыдым. Бірақ түсініп оқымаған екенмін. Камшат апайым таныстырғаннан кейін бір түнде “Көк мұнарды” оқып шығып, “мынандай ойларды айтуға бола ма, осылай тым еркін, шекарасыз ойлауға бола ма жалпы?” деп таңғалғаным бар. Сөйтіп, ол кісіні қатты зерттеуге көштім, дейді Перизат Ұлысмедиаға берген сұхбатында. 

Содан кейін “Мен” дилогиясын оқыған. Оны оқығаннан кейін біздегі тәуелсіздікке, тәуелсіздік деген ұғымның түсінігіне басқаша қарай бастаған. 

- Ол кісі соңғы сұхбатында “Мені совет адамы болмағаннан кейін жақтырмады” дейді ғой. Совет адамының сипаты – бәріміз бірдей болуымыз керек, бір-бірімізден аспауымыз керек, жоғарыда не айтты соны істеуіміз керек деген. Ал Мұхтар Мағауин ондай болған жоқ. “Мен” деген шығармасында бір ауыз өтірік қосып тұрған жоқ. Оны ешкім жоққа шығара алмайды және ол өзінің ісін “мен осылай істедім” деп нақты айтып тұр, дейді Перизат Мырзахмет. 

“МАҒАУИННЕН КЕЙІН ӘДЕБИЕТТЕ ДҰРЫС ЖАҢАЛЫҚ АШЫЛМАДЫ”

- Мұхтар Мағауиннен кейін әдебиетте есі дұрыс жаңалық та ашылған жоқ. Мағауин біздің әдебиетімізді Қазтуған, Асан қайғыларға бір-ақ лақтырып тастады. Оған дейін әдебиет Абайдан басталады деп жүрген халықпыз. Ал неге ашу тудырды? Себебі ол көп адамның, қолында билігі бар адамдардың, қолында қаламы барлардың істей алмаған нәрсесін істеді. Мағауиннің нақты бағасы, құдайға шүкір, тірі кезінде берілді. Оны ойлы оқырман ғана оқиды. Ол жаппай әлем оқитын, 20 миллион қазақ оқитын жазушы емес. Реализмді түсінуіміз керек. Оны оқу үшін өте білімді болу керек. Оның тарихқа деген көзқарасын түсіну үшін қатты анализ жүргізуің керек, оған советикустен қалған ойлау жүйесі бізді оған жеткізбейді. Сондықтан ол кісіні өте саналы адамдар оқыды, түсінді, бағасын берді, дейді Перизат Мырзахмет. 

ШАХАНОВ

Еске салайық, бұған дейін ақын, драматург, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов Мұхтар Мағауиннің қазасына байланысты көңіл айтты. 

Қазақ әдебиетінің үлкен бәйтерегі құлады. Мұхтар Мағауин – өмір бойы ұлттың тарихына еңбек еткен адам. Осыған орай бүкіл қазақ халқына көңіл айтамын, деді Шаханов.

Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 10 қаңтарда (Астана уақыты бойынша) 85 жасына қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қазақ жұртшылығы Халық жазушысы Мұхтар Мағауинді жоқтады