Астанада Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жеті күндік асы берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҰЛТ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫН ТОЛЫҚ АҚТАҒАНЫНЫҢ БЕЛГІСІ
Асты Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалы, достары, бауырлары ұйымдастырған. Марқұмды еске алып, қол жаюға туған-туыстары, ақындар мен жазушылар, парламент депутаттары, оқырманы келді.
Ақын Дәулеткерей Кәпұлы бүгін Астананың Бас мешіті мен Әзірет Сұлтан мешітінде Бас мүфтидің пәрменімен Мұхтар Мағауиннің рухына арнап, құран-қатым түсіріліп жатқанын айтты. Сөзінше, бүкіл Қазақстанның мешіттерінде де жазушының рухына құран бағышталған. Ол Мұхтар Мағауин деген ұлы есім, ұлы қазақ екенін, Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ тарихының әліппесін тәптіштеп жазып берген, қазақ әдебиетін бес ғасырға ілгерілетіп берген іргелі ғалым, әдебиетші екенін айта келе жат жердің топырағын жамылса да, артындағы қара орман қазағы әлі күнге аза тұтып жатқанын атап өтті.
Бұл дегеніміз Мұхтар ағамыздың ұлтының алдында адал ұлдың, арыстың өтеуге тиіс парызын толық ақтағанының белгісі деп ойлаймыз, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ХАТЫ
Президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқыды. Хат жазушының отбасы мен жақын туыстарына арналған. Хатта жазушы төл әдебиетінің төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңіргені жазылған.
Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері халықтың жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – делінген хатта.
ХАЛЫҚ ӨЗІНІҢ ЖАҚСЫЛАРЫН БАҒАЛАЙДЫ
Жазушы, мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік Мұхтар Мағауинмен дос болғанына есіне алды. Халық жазушысын еліне деген махаббатпен бүкіл өмірін халқына арнаған адам деп есіне алды.
Жақсы дос болдық. Отбасымызбен араластық. Шетелге кеткеннен кейін хабарласпай кеттік. Бірақ жүрегіміз, арманымыз, тілегіміз бір болатын. Бірнеше күннен бері бүкіл қазақ қайғырып отыр. Теледидарды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да тек Мағауин деген бір ауыз сөзді естисіз. Демек, халық өзінің жақсыларын бағалайды екен. Арты қайырлы болсын дейміз. Қалған мұралары ұлтымен бірге жасасын. Мағауиннің арманы – халықтың арманы. Соған жетейік. Жатқан жері жайлы болсын. Артында қалған ұрпағы аман болсын. Өзі де соңында “мен өлген күні аруаққа айналам” деп айтты ғой. Қазақ аруаққа сенген халық. Сол жақта жүрсе де, еліне, жеріне, халқына қамқор болып жүрсін деп тілеймін, – деді Төлен Әбдік.
НЕГЕ КЕТТІ? КІМГЕ ӨКПЕЛЕДІ
Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров көпшілік алдында “жазушы елден неге кетті” деген сұрақты ортаға тастады.
Қазақстаннан кетіп қалды. Шынында да, не себепті бұл кісі кетіп қалды? Кімге өкпеледі? Кім бұл кісіге өз елінде жасатқызбады? Не себепті кетті екен деп көп ойландым. Ол әрбір кісіге өкпелеген жоқ. Қазақ бүгінге дейін басын біріктіре алмай жүр. Алаштан бастап бір-бірін түрткілеп, бір-біріне жазады. Ол кісіге де жазды. Ол кісі сыртқа шығып, қазақтың мүддесін қорғады. Күллі шығармасында қазақты көтерді, қазақ халқын, Қазақстанды көтерді. Жерін көтерді. Ол қазақты жаман көрсе, осындай шығармаларды жазар ма еді? Марқұмның жатқан жері жайлы болсын, – деді ол.
Жазушы Асқар Алтай “Аласапыран” романында әйгілі сұлтан Ораз-Мұхаммед Ресейдің қазіргі Рязань облысында жерленгені жазылғанын, Мұхтар Мағауин де сол тағдырды кешкендей көрінетінін айтты.
Мұқаң өз өсиетімен АҚШ жерінде жатыр. Иә, әңгіме айтылады. Шын мәнінде қазақта “адам өлсе топырақ сол жерден бұйырады” деген сөз бар. Сондықтан, Мұқаң сол принципті ұстанған секілді. Сол себепті балаларына “мені ешқайда апармай-ақ қойыңдар” деді ме екен… Мұнысы да дұрыс шығар, – дейді Асқар Алтай.
Ас соңында келгендерге Мұхтар Мағауиннің бірнеше шығармасы енгізілген “Тазының өлімі” кітабы таратылды.
Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин биыл 10 қаңтарда (Астана уақыты бойынша) 85 жасына қараған шағында өмірден өтті. Соңғы оннан аса жылды жазушы шетелде өткізген.