Ұлы Абайдың «ғылым таппай мақтанба» дейтін ақылын бүгінгі таңда үлкен спортқа да қарата айтуға болады. Себебі спорт ғылыммен қатар жүрмесе, спорттық медицина, спорттық менеджментті дамытпаса, саланы пұшпаққа шығару да қиын дейді мамандар.
СПОРТ ҒЫЛЫМЫ БІЗГЕ АУАДАЙ ҚАЖЕТ
Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ұйымдастыруымен Астанада VISION 2025 іс-шарасы болып өтті. Іс-шара барысында спорт саласындағы жаңа көшбасшыларына академияның дипломы табысталды. Бұл арқылы академия нені көздейді? Спорт ғылымына не үшін маңыз берілгелі отыр? Ulysmedia.kz тілшісі іс-шараға қатысып, салаға бір емес, екі министр не себепті басым назар аударып отырғанын шолып қайтты.
VISION 2025: SPORT MANAGEMENT LEADERSHIP – Қазақстанның спорт саласындағы жаңа көшбасшылары үшін ерекше мүмкіндік болып отыр. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ұйымдастыруымен өткен VISION 2025 іс-шарасы спорт менеджментінің жаңа көшбасшыларын даярлау үшін маңызды алаңға айналды. Іс-шараға Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мемлекеттік қызмет хабы басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов қатысты. Олар спорт саласындағы білім мен менеджментті дамыту ел үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінгі күні EMBA бағдарламасының бірінші түлектері дипломдарын алып жатыр. Спорт бағытының ішіндегі спорт менеджменті, спорттық ғылымды салаға енгізуді көздеп отырмыз. Әлемнің мықты командаларымен бәсекелесу үшін үздік әдістемелерді әкеліп, білім бағдарламаларына енгізіп, мамандарды үйретеміз. Спорт ғылымы бізге ауадай қажет. Осы жерден бітірген түлектер спорттың әртүрлі бағытында өз біліктіліктерін ел игілігіне жұмсайтынына сенімдіміз», - дейді Ербол Мырзабосынов.
Туризм және спорт министрінің айтуынша, Қазақстандағы әр спорт түріне жеке мамандарды даярлау керек. Мәселен, классификатордан спортты бөліп, әр спорт түріне өзіндік бағдарлама жазылып жатыр.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанда дзюдо болсын, спорт болсын – арнайы мамандарды даярлайтын оқу орындары көп болуы тиіс.
БІЛІКТІЛІКТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТАЦИЯҒА ЖЕТКІЗУ КЕРЕК
Іс-шарада инновациялық Executive MBA (EMBA) Sport Management бағдарламасы түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті.
Бұл бағдарлама халықаралық серіктестермен бірлесіп әзірленіп, Қазақстанда спорт басқаруды жаңа деңгейге көтеру мақсатында жүзеге асырылған. Диплом алғандардың қатарында спорттың сан саласында жүрген, өмірлік кәсібін спортпен байланыстырған, тіпті облыстық спорт тізгінін ұстаған азаматтар да бар. Олар бір жыл ішінде халықаралық тәжірибе алу үшін басқа мемлекеттерге барып, тәжірибесін зерттеп, біліктілігін арттырып келген.
«Қазір спорт саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Бірақ бізге кәсіби менеджерлер жетіспейді. Спорт – кешенді сала. Тек жаттығу ғана емес, оның ішінде спорт менеджмент, спорттық медицина, жалпы ұйымдастыруға қатысты мәселелер өте көп. Сондықтан, бүгін айтулы шарамызға мықты сарапшылар келіп отыр. EMBA – спорт саласында маманданған тұңғыш түлектерді құттықтаймыз. Бұл бағдарлама ерекше жасалған бағдарлама.
Біз Шәкәрім университетінде Польшаның ең мықты, үздік экономика және арнайы спорт менеджерлерін даярлайтын филиалын ашып қойдық. Сонымен, тағы бірнеше университетпен бірігіп, EMBA түлектері тәжірибе алмасты. Арнайы оқу бағдарламалары пысықталды. Негізгі мақсат – федерациядарға, ұлттық құрамаларға кәсіби мамандандырылған менеджерлерді даярлау», - дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, ұлттық спорт қарқынды дамып келе жатыр. Сонымен бірге халықаралық деңгейге шығару үшін оның бәрін халықаралық регламентацияға жеткізу керек.
ТҮЛЕКТЕР ЖЕЛІСІ ҚҰРЫЛДЫ: ОНЫҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ
APEMS – академия ректоры Болатбек Дукетаев EMBA спорт менеджменті түлектері желісінің құрылуы Қазақстан спорт менеджерлерінің кәсіби қауымдастығын дамытуда бір белес болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама түлектердің жоғары жетістіктерін мойындауының символы ғана емес, сонымен қатар спорт индустриясының кәсіби мамандандырылған, бірлескен күш-жігері арқылы нығайту бағытының қуатты құралы болып саналады.
Болатбек Дукетаев желі сала көшбасшыларын біріктіретін, пікір алмасып, мансапты дамытуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы рөлін арттыруға арналған ерекше мүмкіндік ұсынатынын мәлім етті.
«Мұндай бастамалар спорт мамандарының кәсіби жолын жалғастыруға, сондай-ақ қоғамда саланы дамытуға айтарлықтай үлес қосуына көмектесер деген сенімдеміз. EMBA бағдарламасы білікті және жігерлі мамандарды даярлайтын жетекші білім беру алаңы ретінде танылады. Біздің түлектер спорт саласының болашағын қалыптастыратын бастамашыларға айналар деген сенімдемін», - деді Болатбек Дукетаев.
Оның сөзінше, желі тәжірибе мен білім алмасуды, кәсіби қарым-қатынасты реттеп, өзара іс-қимылды үйлестіріп, озат тәжірибелерді алмасу үшін платформа құруды көздейді. Кәсіби мансап пен көшбасшылықты дамытуды мақсат етеді.
АКАДЕМИЯ ЖАЙЛЫ
Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы (APEMS) Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2021 жылы Астана қаласында құрылған. APEMS спорт саласы үшін кадрлар даярлаудың жетекші жалпыұлттық орталығы болуды мақсат еткен.
APEMS жоғары білікті мамандар даярлаудың бакалавриат және магистратура деңгейінде болашақ дене шынықтыру педагогтерін, спорт түрлері бойынша тренерлерді, спорт менеджерлерін, спорт психологтары мен басқа да спорт саласына кадрлар даярлайды.