Болат Мажағұлов 10 жыл бойы некесіз балалары мен тоқалы барын жасырып келген. Бұл туралы экс-шенеуніктің туысы, журналист Ұлпан Бегалина әлеуметтік желідегі парақшаларында айтты. Оның сөзінше, бір кездері мәдениет саласын басқарған шенеуніктің өзі мәдениетсіз болып шыққан.
Астананың мәдениет басқармасын басқарған тұсында қаладағы субұрқақ құрылысына арналған ақшаны, оның ішінде, 1 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған Болат Мажағұловтың жеке өміріндегі былығы жайлы Ұлпан Бегалина бір күн бұрын жаза бастаған.
- Біреу білсе, біреу білмес. Бірақ Болат Мажағұлов менің туысым. Бірақ әңгіме мүлде сот процесі жайлы емес. Не жайлы екенін қазір түсіндіре бастаймын. Маған оңай емес. Оны бұрыннан танимын, оны құрметтейтінмін, менің отбасым да оны мақтан тұтатын, сондықтан ол жайлы жазу маған ауыр болып отыр. Айтпай, үндемей жүре берсем де болар еді. Бірақ бұлай жалғаса беруіне болмайды. Болат Мажағұлов әлеуметтік желіде бәріне кәсіби түрде дайындалып, монтаж жасап жүргенін көріп, үндемей жүре алмаймын, дейді Ұлпан.
ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ ОБРАЗ
Оның сөзінше, Мажағұлов қазіргі таңда әлеуметтік желіде парасатты адамның образын қалыптастырып жүр. Алайда оның жеке өміріне қатысты ел білмеген жайттар белгілі болып шыққан. Желідегі парақшасында Ұлпан Бегалина Мажағұловтың некесіз отбасы барын, оны өзінің заңды отбасынын он жыл жасырып жүргенін, ал көңілдесіне Астанадан сұлулық салонын ашып бергенін жазған.
- Бірақ бір кездері мәдениетті дамытумен айналысып жүрген адамның өзі мәдениетсіз болып шықты, дейді Ұлпан.
Бегалина Мажағұловтың жазбаларының бірінде пікір қалдырып кеткен:
- Өзінше парасатты адамның образын қалыптастырып жүрсің. Саған бәрі нағыз “АЗАМАТ” дейді. Онда, Болат Бауыржанұлы, сенің заңды некедегі қызың енді жүре бастаған кезде, заңсыз некеңнен ұлың туылғанын неге қазақстандықтарға айтпасқа? Шала әділдік деген бола ма? Әділдік орнасын десең, 10 жыл бойы заңды отбасыңнан жасырған көңілдесің туралы айт. Сенен мұндайды күткен жоқпыз. Бәрі сені қолы ашық, жомарт адам дейді. Қолыңның ашықтығы өзіңнің заңды балаларыңа келгенде неге тарылып қалды? – деп жазған Ұлпан Бегалина.
Алайда, оның сөзінше, бұл пікірі Мажағұловтың парақшасынан өшіп кеткен немесе парақша иесі өшіріп тастаған.
ТАНЫМАЛ АДАМДАР
Сонымен қатар, Бегалина әлеуметтік желідегі парақшасында Мажағұловтың көңілдесінің суретін, тіпті аты-жөнін де жариялаған.
- Бұл суретте айыпталушы Мажағұлов Болат Бауыржанұлының көңілдесі, отбасын ойрандатушысы. Ол және туыстары туралы ақпарат ашық дереккөздерден алынды. Салонда болған танымал адамдардың бәрін көрсетпей-ақ қояйын, өздеріңіз көре жатарсыздар. Көңілдесімен кейбір танымал адамдар жақсы араласады. Менің нені меңзеп отырғанымды түсінген боларсыздар, дейді Ұлпан.
Журналистің сөзінше, Мажағұловтың көңілдесі деп саналатын әйел де оның парақшасына жазған пікірлерін өшіріп тастайды екен.
- Статусы да жоқ қайдағы жоқ көшеден келген көңілдес ресми түрде менің туысым саналатын адамның атынан (Мажағұловтың атынан) менің парақшамды бұғаттап, менің пікірлерімді өшіріп тастап жатыр. Мен бұл жазбаларым арқылы ұрыс-керіс шығарып, дау тудырғым келіп тұрған жоқ. Тек өз отбасымның ар-намысы мен абыройын қорғағым келеді. Егер олар (Мажағұлов пен оның отбасы) әділетсіздік туралы сөз қозғаса, онда біздің де әділдікті талап етуіміз орынды, дейді Ұлпан Бегалина.
МАЖАҒҰЛОВТЫҢ ІСІ
Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов былтыр қыркүйекте ұсталған еді. Ол 2016 жылы "Күн" субұрқағын салу кезінде ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Кейін оның мүліктеріне шектеу қойылды.
Мажағұлов пен Қанапиннің үстінен қозғалған іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлігін иемдену немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айып тағылды. Мажағұловтың қорғаушысы бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу туралы міндеттемеге ауыстыруды сұраған. Прокурор мен басқа сотталушының адвокаты өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Оның соты әлі өтіп жатыр.