Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловты атып өлтірген офицер Дамир Досов соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДОСОВ НЕ ДЕЙДІ
Мен тағылып отырған бап бойынша (99-бап) қылмысты мойындамаймын. Себебі мен ол әрекетті қасақана жасаған жоқпын. Яғни, Марат Барқұловтың өлімін қалаған жоқпын. Өлтірем деген ниетім болған жоқ.
Қаралып жатқан оқиға абайсызда болды. Тапаншада оқ бар екенін мен білген жоқпын. Мен тапанша аларда оқ тұратын жерін тексерген кезде тапаншадан оқ жоқтығына көз жеткіздім. Майлиевтің оқ салғышқа оқ салғанын мен өз көзіммен көрген жоқпын. Алдын ала бұлай болатынын білмедім. Тапанша атылғанда басқалар сияқты шошыған жағдайда тұрып қалдым. Өйткені мен атыс болады деп күткен жоқпын. Оқиға болғаннан кейін дереу жүгіріп барып, «Барқұлов саған не болды?» деп, бірінші медициналық көмекті көрсеттім. Қанды тоқтату үшін орамал алып, бетін бастым. Басқа да әскери қызметшілердің көмегімен оны көтеріп, автокөлікке апардық.
Марат екеуміздің арамызда ешқандай түсінбеушілік болған жоқ. Онымен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болдым. Барлық әскери қызметшілермен жақсы қарым-қатынаста болдым. Сондықтан, оны «қасақана өлтірді» деген айыппен келіспеймін. Мемлекеттік айыптаушының маған таққан айыбы қатал және әділетсіз деп есептеймін, – дейді сотталушы.
Прокурор оны 13 жылға соттауды сұраған еді. Досов үшінші курс оқып жүрген кезінде Қаңтар оқиғасы болғанын, сол кезде ауыр жараланып, шекара қызметінің госпиталінде ем алғанын, төртінші курста оқуды жалғастырғанын айтады. Ол “рақымшылық сұрамайтынын, әділ шешімге үміттенетінін” жеткізді.
Досов марқұмның ата-анасынан кешірім сұрады.
Марқұм Мараттың құрметті ата-анасы, мен сіздердің қайғы-қасіреттеріңізді, сіздерге қаншалықты ауыр екенін түсінемін. Сіздерден шын жүректен кешірім сұраймын. Мен әдемі отбасында өстім, әжемнің тәрбиесінде болдым. Марат екеуміз жақсы қарым-қатынаста болдық. Ол дүкенге баруды сұрағанда мен онымен бірге жүрдім, сондықтан ол ескерту алмайтын. Кейде ол өзінің жеке басындағы мәселелерді айтатын. Мен оған қалай дұрыс әрекет ету керектігі туралы ақылымды айтатын едім. Мен Маратпен ғана емес, басқалармен де жақсы қарым-қатынаста болдым. Олар мені үлкен ағам сияқты құрметтеді.
Менің анам жалғыз, әкесіз өстім, анам үшін жұмыс істеуге бардым, өйткені мен оның жалғызымын. Менде ешқандай пиғыл болған жоқ, әсіресе мен адамды өлтіре аламын деп ойламадым. Менің марқұм Марат үшін дұға етпеген күнім жоқ. Алла тағала оны кешірсін. Менің қазір айтқаным – шындық. Құрандағы Алла "мен әлемді сынақ үшін жараттым" дейді. Алла бәрін естиді, бәрін көреді, бәрін біледі. Мен шын жүректен көңіл айтамын және сізден шын жүректен кешірім сұраймын, – дейді ол.
СОТ ІСІ
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Сот отырысына қатысып жатқан Ulysmedia.kz тілшісінің хабарлауынша, сот процесі жанжал болған: журналистерді сот залына бірден кіргізбеген. Толығырақ осы тұста.
Марат Ерболұлы Барқұлов өзінің туған ауылы – Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында жерленді. Ulysmedia тілшісі сол тұста Самар ауылына барған.
Қайғылы оқиға "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған. Сол тұста тараған ақпаратқа қарағанда, сағат 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан. Атылған оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Сағат 17:40 шамасында ол көз жұмған.