#НеМолчиKZ қорының жетекшісі Дина Таңсәріні бір емес, алты бап бойынша іздеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәжіліс кулуарында айтты.
- Дина Таңсәрі Смаилованы алты бап бойынша іздеп жатырмыз. Көбісі алаяқтыққа қатысты. Қазіргі таңда оның қайда екені анықталып жатыр. анықталған бойда экстрадициялық материалдарды жібереміз, дейді Қойгелдиев.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, ІІМ 2023 жылы Дина Таңсәріге байланысты мәлімдеме жасаған болатын. ІІМ мәліметінше, бүгінгі таңда Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері Динара Смайыловаға (Таңсәрі) қатысты "көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу" фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр.
ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисовтың ақпараты бойынша, “Смайылова жалған ақпарат таратумен қатар 2021 жылдан бастап, өзі Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола тұра, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қаражат жинайтындығы туралы жариялаған”.
Алаяқтық бойынша тағы бір қылмыстық істі Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбанына көмек көрсету үшін ақша жинау фактісі бойынша қозғаған.