Астананың мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұловқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ ҮКІМІ
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Мұқышеваның үкімі бойынша Болат Мажағұлов тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, 8 жыл 6 айға сотталды. Ол өзіне қызметте болған кезде берілген мемлекеттік наградасынан айырылады.
МАЖАҒҰЛОВТЫ НЕ ҮШІН СОТТАДЫ
Еске сала кетейік, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айының басында ұсталды. Тергеуді ҚМА (Қаржы мониторингі агенттігі) жүргізді.
Экс-шенеунікке ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») айып тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, «Солнце» субұрқағын салу кезінде бір миллиардтан астам теңге жымқырылған.
2016 жылы елорданың туған күніне орай пайдалануға берілген «Солнце» субұрқағы Орталық Азиядағы ең ауқымды жоба ретінде таныстырылған еді. 80 метрге дейін көтерілетін су ағындары жарқын шоу жасап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантты.
Алайда 2019 жылға қарай субұрқақ жарамсыз болып, су ағындарын бүркуін тоқтатты. ҚМА мәлімдеуінше, субұрқақ құрылысында сапасыз материалдар пайдаланылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен келісімшарттарға қол қойылған.
ТУЫСЫ ТАҚҚАН АЙЫП
Сонымен қатар, Болат Мажағұловқа қарсы оның әйелінің туыстары ашық қарсы шықты. Олардың бірі әлеуметтік желілерде бұрынғы шенеуніктің көпшілік алдында абыройын айрандай төгіп, оның жылдар бойы жасырып келген құпиясын ашты. Анықталғандай, Мажағұловтың заңсыз екінші әйелі және одан өрген бала-шағасы бар екен. Бір айналдырғанды шыр айналдырады деген осы шығар, коррупциялық жанжалдың отбасылық жанжалға қалай себеп болғанын Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрген болатын.