×
518.14
537.57
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.14
537.57
5.27

Қазақстан Қашаған мұнайын БТЖ құбырымен тасымалдай бастады

Бүгін, 10:46
Қазақстан Қашаған мұнайын БТЖ құбырымен тасымалдай бастады
Stringer (Reuters)

Осы аптада Қашаған кенішінен 6 мың тонналық алғашқы партия түріктің Жейхан портына жеткізілді деп, хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Азаттық жазғандай, Қазақстан қаңтар айында Қашаған кенішінен Ақтау порты арқылы "Баку-Тбилиси-Жейхан" (БТЖ) құбырына 22 мың тонна мұнай айдауды жоспарлаған. Бұл жөнінде 31 қаңтарда қазақстандық "Қазтрансойл" көлік компаниясының жазбаша жауабына сүйенген Reuters агенттігі жазды. Компанияның бұл жоспары қаншалықты жүзеге асқаны белгісіз.

Ал осы аптада Қашаған кенішінен 6 мың тонналық алғашқы партия түріктің Жейхан портына жеткен.

"Қазтрансойл" ақпан айында Қашағаннан қанша мұнай тасымалданатынын айтпаған.

27 қаңтарда "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы Қашаған мұнайын тиеген Taraz танкерінің Ақтау портынан Бакуға қарай мұнай тасымалдай бастағанын хабарлаған. Мұнайды экспорттаумен "КМГ Қашаған Б.В" компаниясы айналысады. ҚМГ-ға еншілес компания NCOC-пен өнімді бөлісу бойынша келісімде 16,88 пайыздық үлеске ие.

Биыл ҚМГ "Баку-Тбилиси-Жейхан" құбырына шамамен 250 мың тонна мұнай жібереді.

Қазақстан 2017 жылдан бергі үзілістен бері алғаш рет 2023 жылы "Теңізшевройл" мұнайын Ақтау портындағы танкерлер арқылы БТЖ құбырына айдай бастаған. Енді Қашаған мұнайын да жеткізе бастады.

2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі арқылы мұнай тасымалдауды ұлғайтуды тапсырған. Осыдан кейін ҚМГ мен әзербайжанның SOCAR компаниясы жылына 1,5 млн тонна Теңіз кенішінің мұнайын БТЖ бағытына айдау жөнінде келісім жасасқан.

"Қазмұнайгаз" былтыр наурызда SOCAR-мен тасымалданатын мұнай көлемін кезең-кезең бойынша жылына 2.2 млн тоннаға дейін арттыру туралы келісімге қол қойған. SOCAR мәліметінше, БТЖ қазір шикізаттың сапасына байланысты 2,2 млн тоннадан артық мұнай қабылдай алмайды.

"Баку-Тбилиси-Жейхан" құбырының ұзындығы 1768 шақырым. Оның қуаты күніне 1,2 млн мұнай баррелін экспорттауға мүмкіндік береді.

Сарапшылар "орта дәліз" деп атап кеткен жобаға Астана көп үміт артып отырғанын айтады және алда экспорт көлемін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған.

Әзірге, Каспий арқылы Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен Жерорта теңізіне жеткізілетін қазақстандық мұнайдың көлемі айтарлықтай көп емес. Мәселен, 2023 жылы осы бағыт арқылы 1,8 миллион тонна мұнай экспортталған. Бұл Новороссийск арқылы экспортталған Қазақстан мұнайының (53 миллион тонна) небәрі 3,5 пайызын құрайды.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстан мұнай өндіруде өз рекордын жаңартқанын хабарлағанбыз.