Түркістан облысында екі көлік жантүршігерлік жол апатына түсіп, алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Полиция екі көліктің жол апатына түсуіне байланысты тергеу жүргізіп жатыр.
ӨРТКЕ ҰЛАСҚАН АПАТ
Оқиға 3 ақпанда Түркістан облысының Кентау-Түркістан тас жолының 5 шақырымында болған. "Ауди" маркалы екі бірдей көлік жол апатына түсіп, артынан өрт шыққан.
АДАМ ШЫҒЫНЫ
Алдын ала мәліметтер бойынша, жеңіл көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып екіншісімен соқтығысқан. Апат салдарынан 6 адам қаза тауып, 4 адам түрлі дене жарақаттарымен Кентау қаласының медициналық мекемесіне жатқызылды.
ТЕРГЕУ
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады.
Түркістан облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жол ережесінің талаптарын сақтауға, жылдамдықты асырмауға және қарсы жолаққа шықпауға шақырады.