Fly Arystan әуе компаниясы 9 ақпанда әуежайда болған оқиғаға, атап айтқанда жолынан қалып кеткен жолаушылардың жағдайына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ
Fly Arystan овербукингке қатысты таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін және әуекомпания тәжірибесінде қолданылмайтынын хабарлайды.
2025 жылғы 9 ақпанда Алматы – Павлодар бағыты бойынша FS7131 рейсінің жолаушылары жергілікті уақытпен 14:10-да отырғызу гейтіне келді, ал ұшудың жоспарланған уақыты 14:20 болатын. Алайда, әуежайдың ақпараттық тақтасында орын алған жүйелік қателік салдарынан отырғызудың аяқталғаны туралы хабарландыру көрсетілмеді, – дейді әуе компаниясы.
Fly Arystan осы ретте, рейске уақытылы келу – әр жолаушының жеке жауапкершілігі екенін еске салады.
Әуекомпания қағидаларына сәйкес, жолаушылар ұшу уақытына кемінде 30 минут қалғанда отырғызу гейтіне келуі тиіс. Бұл кезекте, отырғызу уақыты мен гейті, сондай-ақ рейс статусын FlyArystan сайты мен мобильді қосымшасы арқылы тексеруді ұсынамыз, – дейді компания.
ШУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Еске сала кетейік, әуежайдағы кешегі шудың видеосын әлеуметтік желіде журналист Асхат Ниязов жариялаған еді. Ниязов Fly Arystan әуе компаниясының қызметкері мен жолаушылар айтысып жатқанын көруге болады. “12 адам өз бортымен ұша алмай қалды” деп жазды Асхат Ниязов желіде.