Күреп табыс тауып жүрген азаматтар соңғы кезде «уақытша жұмыссыз» болып «демалыс» алуды әдетке айналдырған секілді. Бұлай болуы мүмкін бе деп сұрайтыныңыз анық. Тіпті мұндай сценарий ақылға қонымсыз көрінуі де мүмкін. Алайда атын атамауды сұраған Астана тұрғынының айтуынша, соңғы уақытта бұл құбылыс елорданың басты саяси-әкімшілік орталығы саналатын сол жағалауда танымал бола бастаған. «Жұмыссыздықты» жоғары лауазымды шенеуніктер мен еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар таңдап жатыр. Оларға бұл не үшін керек және бұл жаппай трендке айналып жатыр ма, ол туралы Ulysmedia.kz мақаласынан оқи аласыз.
“ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛСАҢ НЕ ІСТЕР ЕҢ”
Астаналық Талғат (аты өзгертілген) шенеуніктік мансаптың барлық сатысынан өткен: қатардағы қызметкерден департамент директоры деңгейіне дейін көтерілген. Тіпті вице-министр креслосы да алыс емес еді. Бірақ ол бәрінен бас тартып, жұмыссыз отыруды таңдады.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді сынамайтын адам жоқ, алайда олардың күн сайын қанша жұмыс атқаратынын ешкім ойлап бас қатырмайды. Бір жағынан, сен саланың дамуына үлес қосуды қалайсың, бірақ сонымен қатар министрдің тапсырмалары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің жедел тапсырмалары, халықтың сұраныстары үздіксіз түсіп жатады. Егер бір нәрсеге дер кезінде жауап бермесең, басың бәлеге қалады. Осыдан кейін нағыз эмоционалдық күйзеліс пайда болады, – дейді ол.
Сондықтан, оның айтуынша, соңғы жылдары Астананың Сол жағалауында жаңа тренд қалыптасқан. Ол барлық несиені жауып, жарты жылға "демалысқа" кету, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу. Кейбір «тәжірибелі» мамандар әр екі жыл сайын екі айға жұмыстан шығып тұрады.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ең көбі 6 ай төленеді. Бұл үшін адам кемінде 6 жыл үздіксіз жұмыс істеуі керек. Ал 2 жыл үздіксіз жұмыс істегендерге 2 айға дейін жәрдемақы тағайындалады. Менің таныстарымның кейбірі 2022 жылы жәрдемақы алған, енді тағы да жұмыссыз статусына өтпекші, – дейді Талғат.
Өзі бұл мүмкіндікті алғаш рет пайдаланбақ – ипотекасы жабылған, үлкен ұлы университетке грантқа түскен, ал кіші балалары әлі мектепте оқиды.
- Мен бүкіл өмірімді мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда өткіздім, әрдайым тек адал жалақы алдым. Жұбайым да ресми түрде жұмыс істеді, сондықтан біз ешқашан Қазақстандағы әлеуметтік ипотека немесе басқа да жеңілдіктерге ілікпедік. Көпшілік үшін миллион теңге жалақы – қомақты қаражат болып көрінуі мүмкін. Соңғы жылы менің айлығым осындай болды, бірақ одан 200 мың теңгеден астам салық пен әлеуметтік төлемдер шегерілетін. Ал күні-түні жұмыс істеп жүрген мен отбасыма жөнді көңіл бөле алмадым. Қазір маған 300 мың теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалды. Шындығында, ипотека мен бөліп төлеймін деп алған тұрмыстық техниканың несиесін айлығымнан шегергенде дәл осындай сома қалатын. Енді түскі асқа шығындалудың қажеті жоқ, ал ақша жетпей жатса, таксист болып қосымша табыс табуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Талғат мемлекеттің есебінен алты айлық демалысты әділ деп есептейді, өйткені ол 20 жыл бойы салықтарын уақтылы төлеп келген.
- Негізінде, жәрдемақыға бөлінетін қаражат – әр қазақстандықтың жинақталған аударымдары. Яғни, мен өзімнің ақша қорымнан уақытша үзіліс алдым. Осы уақыт ішінде кім болатынымды ойланамын: мүмкін жеке секторға барармын, мүмкін ауылға көшіп кетермін... Кім біледі, – дейді ол.
“ШЕНЕУНІКТЕР АРАСЫНДАҒЫ ЖАППАЙ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ”
Ulysmedia.kz порталына Қазақстанның Еңбек министрлігі ұсынған статистика Талғаттың сөзі шындыққа жанасатынын көрсетті.
2024 жылы ел бойынша 258,5 мыңнан астам жұмыссыз тіркелген, жұмыссыздардың ең көбі Астанада тұрады. Мұнда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы 23 477 адамға тағайындалған. Салыстыру үшін, халқы көбірек Алматыда бұл көрсеткіш небәрі 20 мыңнан сәл асады. Ал үш жыл бұрын, 2022 жылы, елдегі жағдай мүлде басқа болған: жәрдемақы алушылар саны 109,9 мың ғана еді, оның ішінде Астанада – 7 839 адам, ал ең көп жұмыссыз тіркелген өңір – Атырау облысы (12 288 адам).
Үш жыл ішінде жұмыссыздық бойынша төлемдердің барлық көрсеткіші күрт өскен. Орташа жәрдемақы мөлшері 44,9 мың теңгеден 81 500 теңгеге дейін – екі есеге жуық артқан. Жалпы төленген қаражат көлемі 19,1 млрд теңгеден 88,2 млрд теңгеге дейін, яғни 5 есеге көбейген. Егер бұл сандарды қарапайым тілмен түсіндірсек, жұмыссыздық жәрдемақысында теңсіздік күшейіп келеді: біреулерге тиын-тебен ғана бұйырады, ал кейбіреулер, мысалы, Талғат сияқты, 300 мың теңгеге жуық қаржы алады. Мұндай соманы ескерсек, жұмыс істемеу әлдеқайда тиімдірек көрінуі мүмкін.
Жәрдемақы мөлшері тек ресми жалақыға негізделіп есептеледі. Мұндай көп мөлшердегі жәрдемақы алатын қазақстандықтар саны аз – негізінен мемлекеттік қызметкерлер, жоғары санатты мұғалімдер, ірі компаниялардың қызметкерлері мен кәсіпорындардың топ-менеджерлері.
ЕКІ ҚОЛҒА БІР КҮРЕК НЕМЕСЕ БАР ЖҰМЫСТАН НЕГЕ ҚАШАДЫ
Былтыр қараша айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжілісте кейбір жұмыссыз азаматтардың қажетті жоғары не кәсіптік білімі болмағанына қарамастан, 800 мың теңге жалақы талап ететінін және 300 мың теңгелік бос жұмыс орындарын менсінбейтінін айтып, мәселе көтерді. Ол мысал ретінде Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка ауылын келтірді, онда 600 мың теңге жалақысы бар дәнекерлеуші (сварщик) мамандығына келетін маман жоқ.
Мұндай жалақыға да жұмыс істегісі келмейтін адамдар бар. Еңбекке деген көзқарасты бала кезден қалыптастыру керек. Мысалы, Қытайда балалар екі ауысымда оқиды, мектепте ұйықтайды және кішкентай кезінен еңбекке баулиды, – деді министр. Сондай-ақ, ол жалқаулық танытатын адамдарды жазалау қажет екенін меңзеді. Алайда Светлана Қабыкенқызының сыны дәнекерлеушілерге емес, мүлде басқа топқа бағытталғандай көрінді…
Дегенмен, Ulysmedia.kz редакциясының ресми сауалына жауап берген Еңбек министрлігі бұл мәселені тереңірек талқылаудан бас тартты. Вице-министр Асқар Бияхметов министрдің мәлімдемесіне түсініктеме беріп, қазіргі заңнамаға сәйкес жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасуға белсенді түрде атсалысуы тиіс екенін еске салды.
Қазақстанның Әлеуметтік кодексінің 99-бабына сәйкес, жұмыссыздар еңбекпен қамтуға жәрдемдесуі керек. Олар мансаптық орталықтарға белгіленген мерзімде келуі, сондай-ақ ұсынылған жұмыс орындарынан бас тарту немесе келісу туралы хабарлауы тиіс.
Егер жұмыссыз азамат үш рет ұсынылған лайықты жұмыстан ешбір негізсіз бас тартса, ол жұмыссыздар тізімінен шығарылады, бұл жәрдемақы төлемдерінің тоқтатылуына алып келеді, – деді вице-министр.
Ол, сондай-ақ, жұмыссыздық жәрдемақысын үнемі ала беру мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінеді, ал бұл қорға қаражат жұмыс берушінің әр қызметкер үшін төлейтін әлеуметтік аударымдарынан жиналады. Сондықтан далада жатқан ақша жоқ. Алты жыл үздіксіз жұмыс істеген азамат жұмыссыздық бойынша ең көбі алты ай ғана жәрдемақы ала алады. Бұл талап азаматтарға қор қаражатын ұзақ мерзімді пайдалануға шектеу қояды.
Егер адам 6 ай жұмыссыздық жәрдемақысын алса, келесі өтініш берген кезде оның жалпы 72 ай (6*12 ай) сақтандыру өтілі есептен шығарылады.
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы азаматтың соңғы екі жылдағы орташа ресми жалақысының 45%-ын құрайды. Егер азаматтың жалақысы жоғары болса, ол алатын жәрдемақы көлемі 200 мың теңгеден асуы мүмкін.
Enbek.kz ресми жұмыс іздеу порталындағы бос жұмыс орындарын қарасақ, 150 мың, тіпті 80 мың теңге еңбекақы төлейтін бос вакансиялар бар екен. Бұл кейбір жағдайларда жұмыссыздық жәрдемақысы ұсынылып отырған нақты жалақыдан әлдеқайда тиімді көрінуі мүмкін.