Мемлекет басшысы өңір жастарымен жүздескен сәтінде Украинадағы жағдай жөнінде пікір білдірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда тұтас халық болып өмір сүреміз. Мен баршаңызды осынау терең үдерісті толық түсінуге шақырамын. Сонда ғана табысқа жете аламыз. Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз, – деді президент.
ТРАМП ПУТИНМЕН КЕЗДЕСЕДІ
Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін АҚШ президенті Дональд Владимир Путинмен Сауд Арабиясында кездесетінін айтқан. Дональд Трамп өзінің сайлау науқаны кезінде Украинадағы соғысты аяқтауға ниетті екенін бірнеше рет атап өткен.
ЗЕЛЕНСКИЙМЕН ДЕ СӨЙЛЕСКЕН
Президент Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен. Бұл туралы Украина президентінің кеңсесі хабарлады. Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвиннің айтуынша, Зеленский мен Трамптың әңгімесі шамамен бір сағатқа созылған.