15 ақпанда қытайлық BRTV телеарнасында Димаш Құдайберген мен қытайлық әнші Гун Линнің қатысуымен «最美中轴线 Singing for the Central Axis of Beijing» жобасы эфирге шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
ЕРЕКШЕ ЭКСПЕРИМЕНТ
Бағдарламаның жазбасы 2024 жылдың соңында жазылған. Онда әншілер Пекиндегі Жер ғибадатханасы мен Чжэньичи опера театрын аралаған.
Мәдениетаралық саяхаттың соңында Димаш пен Гун Линн ерекше вокалдық эксперимент жасады. Олар қытай және қазақ тілдеріндегі «Феникс» пен «Қараторғай» әндерін бірге шырқап, бұрын соңды болмаған музыкадағы үйлесімділікті көрсетті. Қазақтың музыкалық аспабы қобыздың және қытайлық шэннің (үрмелі аспап) сүйемелдеуімен, сондай-ақ тангу барабанының үнімен шырқалған туындылар өте әсерлі болды. Осындай ерекше тәсілмен әншілер өз елдерінің аңызға айналған тарихын баяндады.
ИМПЕРАТОР ФЕНИКС ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Гун Линның репертуарындағы қытайлық «凤皇 Phoenix» әні император Феникстің өмірін баяндайды. Аңыз бойынша, ежелгі дәуірде Император Феникс өмір сүріпті. Ол қазіргі Мьянма аумағынан «Дан үңгірі» тауына дейін 500 миль қашықтықты еңсерген түрлі-түсті қауырсындары мен жұмбақ жазулары бар бір алып құс екен. Ежелгі адамдар бұл құсты «Фэн Хуан» деп атап, оны «Құстардың патшасы» санаған.
Құстардың патшасы ретінде ол әдетте жерден жырақта, тауда тыныш өмірін сүрген, ән айтып, би билейді екен. Ал егер ол жер әлеміне ұшып келсе өзімен бірге бейбітшілік пен қолайлы ауа-райын (құрғақшылықтан құтылады) бірге әкеледі делінген.
КӨРКЕМ БИДІҢ ҚҰДАЙЫ САНАЛҒАН
Император-феникстің биі – жұлдыздарға табыну биі болып саналады екен. Осылайша ықылым заманнан Фен Хуанг бейбітшіліктің символы, көркем бидің құдайы ретінде құрметтеледі.
Феникс – ежелгі Қытайда аңызға айналған құстардың патшасы. Ол айдаһар сияқты қытай ұлтының рухани тотемі болып саналады. Өткен заманда жерде бейбітшілік пен өркениет орнаған кезде феникс ұшып келеді деп сенген.
ҚАРАТОРҒАЙ ҚАНДАЙ ҚҰС?
Қазақ халқы үшін «Қараторғай» әнінің де мәні терең. Зоологиялық тұрғыдан алғанда қараторғай»деген құс бар, ол торғайлар отрядына жатады. Бірақ «Қараторғай» әніндегі құс басқа. Ән авторы Ақан сері бұл туындысында өзінің балапан кезінен баққан бүркіті туралы баяндайды. «Қараторғай» - қыран құсқа қойылған ат.
АҚАН СЕРІНІҢ КӨЗІ ТҮСКЕН
Аң мен құстың білгірі болып саналған сегіз қырлы бір сырлы Ақан сері жылқының, тазының, құстың ең жақсысын таңдап, өзі баққан. Ол Әлібек батырдың үйінде бүркіттің балапанын көріп, оны қалап алады.
Қараторғай олжасын бір демде ұстап ептілігін талай мәрте дәлелдейді. Алайда уақыт орнында тұрмайтыны белгілі. Ол қартаяды. Қауырсындары түсіп, бойынан қуат кете бастайды. Өмірінің соңында қыран құс ең соңғы рет мына әлеммен қоштасқандай аспанды айналып, қалықтап ұшып барып жерге құлап мерт болады.