Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның жаңа ғимараты қайтарылған активтер есебінен бой көтереді. Бұл туралы қаржы министрлігінің сайтында жарияланған ресми құжатта көрсетілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖОБА ҚҰНЫ
Стадион құрылысы мемлекеттік арнайы қор арқылы қаржыландырылатын жобалар тізіміне енгізілген. Құжатқа сәйкес, нысанның құрылысы 17,3 миллиард теңгеге бағаланған.
Елорданың тарихи нысаны біраз уақыт бойы қараусыз қалып, оның трибуналары мен қосалқы жайлары апаттық жағдайда болды. 2020 жылы жүргізілген техникалық тексеру кезінде стадион құрылымдарының қатты тозғаны анықталып, бұл адамдардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіргені белгілі болды.
Елордалық мәслихат бұл жағдайды ескере отырып, стадионды қайта жаңғыртуға қаржы бөлу туралы шешімді бірауыздан қолдады. Жобаны аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың соңына жоспарланған.
ЖАҢА СТАДИОН ТУРАЛЫ
Бұған дейін Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов ескі Мұңайтпасов атындағы стадионды демонтаждау жұмыстарының толық аяқталғанын хабарлаған болатын.
Жер учаскесінің жалпы ауданы 2,2 гектар, ал стадионның сыйымдылығы – 3 598 орын, оның ішінде VIP аймағы мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған орындар қарастырылған.
Стадионды Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, қала тұрғындары мен қонақтары пайдалана алады. Олар нысанды белсенді демалыс пен спортпен шұғылдану үшін қолдана алады.
Жаңа стадион UEFA және FIFA халықаралық стандарттарына сай жабдықталады.