Парламентте жолаушылар тасымалы саласындағы мемлекеттік міндеттердің бір бөлігін өзін-өзі реттейтін ұйымдарға (ӨРҰ) беру мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жоспар бойынша, Көлік министрлігінің интеллектуалды көлік жүйесімен бірлесе жұмыс істейтін өзін-өзі реттеу ұйымы құрылмақ. Жүйе мемлекеттік органдардың дерекқорына қосылып, жүргізуші куәлігі мен сақтандыру құжаттарын тексере алады.
Өзін-өзі реттеу ұйымы такси агрегаторларымен жұмыс істеп, жүргізушілерді цифрлық жүйелер арқылы тексереді. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарына сай келетін жүргізушілердің тізімі жасалады. 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап көлік техникалық байқауын өткізетін компаниялар жаңа ережелер бойынша жұмыс істейді. Бұл олардың қызметіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Егер өзін-өзі реттеу ұйымықандай да бір заң бұзушылықты анықтаса, бұл туралы мемлекетке дереу хабарлауы тиіс.
Сонымен қатар, заң жобасында жол жүру ақысын төлеу ережелерін өзгерту ұсынылған. Чектерде тасымалдаушы, жолаушы, сапар уақыты мен бағыты туралы ақпарат көрсетіледі.
Жаңа жүйелер сонымен бірге тасымалдаушылар мен платформалар туралы деректерді жазып, жол-көлік оқиғалары орын алған жағдайда шұғыл әрекет етуге көмектеседі.
БҰҒАН ДЕЙІН
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға такси жүргізушілерінің мәселесін көтерген еді.
Депутаттың айтуынша, үкімет тәулік бойы тыным таппай жолаушы тасымалдайтын такси мен автобустың тізгінін ұстаған азаматтарды тәртіпке саламыз деп, мәжіліске заң жобасын ұсынған. Тақырыбын тәптіштеп айтқан депутат жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекет құзыретінің бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру, солардың тілінде «СРО» құру туралы айтты.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, заң жобасы өзін-өзі реттеу ұйымдарына жолаушылар тасымалындағы тарифті белгілеу, бағаны реттеу құзыреттерін бермек. «Бұл қате» дейді ол.