Ресей АҚШ мұнай компанияларының елге қайта келу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сонымен қатар, Кремль АҚШ-пен Арктикадағы бірлескен жобаларға мүдделі. Бұл туралы Ресей тікелей инвестициялар қорының (РТИҚ) басшысы Кирилл Дмитриев Сауд Арабиясында өткен екіжақты келіссөздер алдында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дмитриев – Ресей президенті Владимир Путин таңдаған үш делегаттың бірі. Ол Эр-Риядтағы келіссөздерде АҚШ делегациясымен кездесті. Оның айтуынша, Мәскеу Вашингтонмен экономикалық ынтымақтастықты жандандыруды маңызды деп санайды.
«Біз олардың бір күні оралатынына сенеміз. Себебі неге олар Ресей ұсынып отырған табиғи ресурстарға қолжетімділіктен бас тартуы керек?» – деді Дмитриев.
Ол америкалық ірі мұнай компанияларының Ресейде «өте табысты бизнесі» болғанын атап өтті.
АҚШ КОМПАНИЯЛАРЫ ҚАНША ЖОҒАЛТТЫ?
Дмитриевтің айтуынша, АҚШ компаниялары Ресейге қарсы санкциялардың салдарынан шамамен 300 миллиард еуро шығынға ұшырады. Сондай-ақ, ол АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресей экономикасының жағдайы туралы «көптеген қате сигналдар» бергенін айтты.
The Moscow Times (МТ) басылымының деректері бойынша, Украинадағы соғыс басталғанға дейін Ресейде мұнай өндірумен тек бір ғана ірі америкалық компания – Exxon Mobil айналысты. Ол «Сахалин-1» жобасының 30%-ына ие болды. Санкциялар енгізілгеннен кейін Exxon Mobil жобадан шығатынын мәлімдеді, бірақ өзінің үлесін сата алмады. Себебі Кремль мерзімді бірнеше рет ұзартты, соңғысы – 2026 жылдың соңына дейін.
2022 жылы Украинадағы соғыс басталғаннан кейін, Ресей нарығынан Halliburton, Schlumberger және Baker Hughes сияқты америкалық мұнай сервистік компаниялары да кетті. Бұрын дәл осы компаниялардың көмегімен Ресей Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мұнай өндірісін қалпына келтірген еді. Президент Владимир Путин 2025 жылға қарай елдегі мұнай бұрғылау және көмірсутек барлау технологияларының 80%-ын жергілікті өнімдерден қамтамасыз етуді талап етті. Алайда, The Moscow Times мәліметінше, қазіргі таңда қажетті жабдықтың жартысынан көбі әлі де «достықсыз» елдерден импортталады.
САУДА АРАБИЯСЫНДАҒЫ КЕЛІССӨЗДЕР
18 ақпанда Сауд Арабиясында өткен келіссөздерде Ресей атынан Кирилл Дмитриевпен бірге Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және президент көмекшісі Юрий Ушаков қатысты. Дмитриев бұл кездесуді «оң нәтижелі» деп атады.
АҚШ тарапынан келіссөздерге Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц және Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты. Украина мен Еуропа елдері бұл кездесуге қатысқан жоқ.
ВАШИНГТОН НЕ ДЕЙДІ?
АҚШ әкімшілігі Украина президенті Владимир Зеленскийдің табиғи ресурстар бойынша ұсынылған келісімнен бас тартуын сынға алды. Washington Post агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон Зеленскийдің шешімін «қысқа ойлы» деп бағалаған.
Бұған дейін NBC News арнасы Трамп әкімшілігінің Украинаға сирек кездесетін металдардың 50%-ын АҚШ-қа беруді ұсынған келісімді дайындағанын хабарлады. Бұл келісімге сәйкес, АҚШ Украина аумағына әскери күш орналастырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болған. Алайда, бұрынғы украин шенеуніктерінің бірі бұл ұсынысты «отаршылдық келісім» деп атаған.