Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Украинаның қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға шабуыл жасауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сарым Украина соғысты қолдамаушылардың саны артқанын қалайтынын айтты.
- Бұл жалпы қақтығыстың логикасы. Бірақ екінші жағын ескеру керек. Қазақстанда Украинаны қолдаушылардың саны көп. Тағы бір тұсы – бізге 300 миллиардтан аса шығын келейін деп отыр. Ол бюджетке, салыққа салмақ болады. Сондықтан менің айтпағым – сіздер де Украинаға қысым жасаңыздар, біздің өзіміз үшін маңызды инфрақұрылымға шабуыл жасамасыншы деген мәлімдемелер болуы керек қой. Кеше Chevron өкілі де айтты. Ол “Бізді бұл мәселе қатты алаңдатады, өз тарапымыздан мәселеге кірісеміз” деді. Сондықтан ол біздің мүддеміз, мәселе шатыстыруда емес. Соғыста әртүрлі жағдай болады. Украина көп нәрседен опық жейін деп тұр, дейді Сарым.
ШАБУЫЛ
17 ақпанда Қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға дронмен шабуыл жасалған болатын. Ақпаратты энергетика министрлігі таратты. Олардың айтуынша, шабуыл жасалағанын КҚК-да растады.
Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылы 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының "Кропоткинская" ЖЗҚ мұнай тасымалдау объектісі БПЛА шабуылына ұшыраған. Жарылғыш заттардан басқа метал зақымдайтын элементтермен толтырылған жеті ұшқышсыз ұшақ террористік шабуыл жасаған. Шабуыл объектінің жұмысын бұзып қана қоймай, станцияның жедел қызметкерлерін өлтіру мақсатында уақыт аралығымен жасалды.
Күні кеше Украина қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға шабуыл жасағанын растады.
ҚАУІП
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) объектісіне жасалған шабуыл Қазақстанның үшінші елдер арқылы мұнай экспортына тәуелділігі мәселесін тағф да күн тәртібіне шығарды. Экономист Расул Рысмамбетов бұл оқиға мұнай саудасындағы Қазақстан инфрақұрылымының осал екенін көрсетер айқын мысал деп есептейді.