×
499.76
521.7
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.76
521.7
5.63

«Қашаған» мұнайын алпауыттар қайта бөлісуге дайын ба? NCOC басшысы жауапқа құлықсыз әрі дайын болмай шықты

20.02.2025, 17:10
«Қашаған» мұнайын алпауыттар қайта бөлісуге дайын ба? NCOC басшысы жауапқа құлықсыз әрі дайын болмай шықты
Ulysmedia коллажы

Бүгін «North Caspian Operating Company» бас директоры Джанкарло Рую мәжіліс депутаттарының алдына келіп, мұнай компанияларының отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесін талқылады. Жиында мұнай компаниялары мен Қазақстан билігінің қарым-қатынасының жанды жері – өнімді бөлісу жөнінде келісімшартты қайта қарау мәселесі де қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ДАЙЫН ЖАУАБЫМ ЖОҚ”

Өнімді бөлу жөніндегі келісімшарттарды қайта қарау мәселесін отырыста депутат Бақытжан Базарбек көтерді. Джанкарло Руюға ол “Қазақстан үкіметімен келіссөз үстеліне отыруға дайынсыздар ма?” деп тікелей сұрақ қойды.

Мен сұрақтан қашқым келмейді. Өнімді бөлу келісімі жайлы менен сұрасаңыз, дайын жауабым жоқ. Оператор ретінде біз дискуссия тұлғасы емеспіз. Біз заңды тұлға ретінде ол жерде жоқпыз, – деді Джанкарло Рую.

NCOC басшысының бұл жауабына депутат қанағаттанған жоқ. Бақытжан Базарбек “не себепті сіз жауап бере алмайсыз? Қазақстанның ресми билігінің өкілдерімен және депутаттарымен не себепті ендеше кездесіп жүрсіз?” деп өз ұстанымында қалды.

Жалпы Қазақстанның қызмет көрсететін компанияларымен де NCOC берік қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр деп айтуға келмейді. Отандық компаниялармен тауарлар және қызметтерді алу жөнінде 23 меморандумға қол қойылғанымен, тек 6-ы бойынша келісімшарт жасалған. Депутаттар мұны да атап өтті.

Ulysmedia.kz тілшісі Джанкарло Руюдан ӨБК жөнінде қосымша сұрақ қойып, жауап алуға тырысқан. Бірақ ол әуелі сұраққа жауап беруге уәде бергенімен, кейін асығыс жүріп, мәжіліс ғимаратынан шығып кетті. “Бір сұрақ қоюға рұқсат етіңіз” деген өтінішімізге бұрылып қараған жоқ.

ШЕНЕУНІКТЕР ДІРІЛДЕМЕЙ КЕЛІССӨЗГЕ ОТЫРУЫ КЕРЕК

Бақытжан Базарбекке Ulysmedia.kz тілшісі отырыстан кейін сұрақ қойып үлгерді. Ол әлбетте өнімді бөлу келісімін (ӨБК) қайта қарау керек деп мәлім етті.

Себебі тоқсаныншы жылдардың соңында, ақша жоқ кезде қателікпен, үлкен кемшіліктермен келісімді бөлісе салғанбыз. Енді соның қазір кебін киіп отырмыз. Былай қарап тұрсаңыздар, аңырап-қаңырап бюджетіміз тұр. Бюджетте ақша жоқ. Салықтың ставкаларын көтеріп жатыр. Бұл жерде кез келген мемлекет үлттық мүдделерді алға қояды. Ұлттық мүдде деген халықтың мүддесі. Халықтың мүддесін алға қоймасақ, келісімшартты бекіту кезінде алға қоймасақ болмайды. Конституцияда бүкіл табиғи байлық, жер, орман, су, өсімдіктер дүниесі бәрі халықтың игілігі, меншігі делінген. Сондықтан, тоқсаныншы жылдары бекітілген барлық ӨБК келісімшаттары қайта қаралуы тиіс Халықтың мүддесін, мемлекеттің мүддесін ескерілуі керек. Ал шетелдің компаниялары – ТШО, Қашаған, Қарашығанақ жобалары бойынша барлық компаниялар келіссөз үстеліне отыруы керек, – дейді ол.

“Қазақстан билігінің мүдделілігіне сіз қаншалықты баға бересіз?” деген сұраққа Базарбек билік те мүдделі екенін, президент өзінің сөзінде келісімшарт талаптарын өзгерту жайлы айтып кеткенін жеткізді.

Сондықтан, мен шыны керек, бұл мәселеге біз ораламыз. Соған келе жатыр. Тек біздің үкіметтің шенеуніктері қорықпай, дірілдеп, қалтырамай, келіссөзге отыруы керек. Ұлт мүддесі бірінші орында болуы керек, – дейді ол.

ПЕТИЦИЯ

Бұл сұрақ бұрын Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке де қойылған еді. Сәтқалиевтің айтуынша, өнімді бөлу жөнінде келісімге қол қойылып, бекітіліп кеткен. 

Бұдан бұрын "Теңізшевройл", КПО және NCOC бойынша өнімді бөлу туралы келісімнің талаптарын ашуды талап ететін петиция жарияланған еді. Құжат Энергетика министрлігіне жолданған. 

Авторлар бұл новеллалардың барлығы орындалмайтын декларация болып қала беретінін қосты. Сонымен қатар, инвесторлармен жоғарыда аталған келісімдер экологияға қатысты бірқатар мәселелерді ескермейді, дейді авторлар.