19 ақпанда Қостанай облысының қоғамдық даму басқармасы облыстық деңгейде ақпараттық саясат жүргізуге мемлекеттік тапсырыс жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕК ҚАНА ОРЫС ТІЛІНДЕ...
Nege.kz сайтының мәліметінше, мемлекеттік тапсырыста қарастырылған барлық тақырыптар, біреуінен басқа, тек орыстілді БАҚ-тарға арналған.
Әкімдік тендерді алты бағыт бойынша орналастырған, оның ішінде экономикалық даму, мемлекеттік органдардың қызметі, азаматтық қоғам және өңірдің бәсекеге қабілеттілігі мәселелері бар. Алайда бұл тармақтардың барлығы дерлік тек орыс тілінде орындалуы тиіс. Тек бір ғана бағытта – әлеуметтік-экономикалық дамуды ақпараттық қамтуда – қазақ және орыс тілдері қатар көрсетілген.
ҚОҒАМДА ҚАРСЫЛЫҚ ТУДЫРҒАН МӘСЕЛЕ
Бұл жайт қоғамда сұрақтар туындатты: неге Қостанай облысында ақпараттық саясат негізінен орыс тілінде жүргізіледі?
Сонымен қатар, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бұл мәселеге деген көзқарасы да сынға алынды. Әлеуметтік желі қолданушылары оны "ресейлік губернатор" деп атап, оның орыстілді халықтың мүддесін бірінші орынға қойып, қазақ тілінің дамуына жеткілікті назар аудармай отырғанын меңзейді.
P.S
Кейін аталған БАҚ-қа әкімдіктің қоғамдық даму басқармасынан хабарласып, «техникалық қателік кеткенін, қателік түзетілгенін» хабарлаған.
Әкімдіктің ресми сайтындағы тапсырысты орналастыруға қатысты сілтемеге кіріп, тексеріп көрдік. Шынымен де «қателік» түзетіліпті. Түзетілген нұсқада он бір тақырып ұсынылған екен, оның алтауы қазақ тілді БАҚ-қа арналған. Оған да шүкір дедік, – деп жазады Неге сайты.