Ақпанның 22-сінен 23-іне қараған түні төтенше жағдайлар қызметі Қостанай облысы, Амангелді ауданының Амантоғай ауылынан 22 шақырым жердегі Әулиекөл-Жалдама автожолының жабық учаскесінде 98 адамды құтқарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
ТЖМ-нің хабарлауынша, қар құрсауында қалған жолаушылардың арасында 18 бала бар. Құтқарылған 7 адам, оның ішінде 6 бала Амантоғай ауылының жылыту пунктіне жеткізілді.
Сондай-ақ ақ түтек бораннан жүре алмай қалған 8 жеңіл көлік күрелген жолға дейін жеткізілді.
Ауа райының күрт бұзылуынан Сарыкөл ауданының Соналы ауылынан 5 шақырым жерде Сарыкөл-Комсомольское автокөлік жолында екі адамы бар жеңіл көлік қар құрсауында қалған. Көмекке келген ТЖМ күштері оларды қауіпсіз жерге жеткізді.
Жолда қалған жолаушылардың ешқайсына медициналық көмек көрсетілген жоқ.
Төтенше жағдай қызметінің мамандары ел тұрғындарына ауа райы қолайсыз уақытта жолға шығу қауіпті екенін ескертеді.