×
502.47
525.83
5.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
502.47
525.83
5.68

Атырауда кәсіпкерге 37 млрд теңге айыппұл салынған: ол оны 3700 жыл төлейді

Атырауда кәсіпкерге 37 млрд теңге айыппұл салынған: ол оны 3700 жыл төлейді
Видео кадры

Атыраулық кәсіпкер Мұрат Ниязовқа 37 миллиард теңге айыппұл салынған. Ол бұл айыппұлды 3700 жыл төлейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода бұл әлемдегі ең үлкен айыппұл екені айтылған. Tengrinews.kz мәліметінше, атыраулық кәсіпкер Мұрат Ниязовқа 37,4 миллиардтеңге айыппұл экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін салынған. 42 жастағы кәсіпкер мұнай қалдықтарын кәдеге жарату бойынша шағын кәсіпорынның иесі. Бірінші сатыдағы сот «Oxygenator» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зиянды мұнай қалдықтарын тиісті экологиялық рұқсатсыз жинау арқылы табиғатты қорғау заңнамасын бұзғанын анықтады. Нәтижесінде компанияға 328-бап «Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормаларын бұзу» бойынша 37,4 млрд теңге әкімшілік айыппұл салынған. 

КӘСІПКЕР СОТ ШЕШІМІМЕН КЕЛІСПЕЙДІ

Кәсіпкер Мұрат Ниязов өз компаниясына салынған айыппұлмен келіспейтінін айтып, істің мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, 2019 жылы құрылған компания мұнай қалдықтарын басқару және кәдеге жарату саласында жұмыс істейді.

- Бізде патент бар. Мұнай қалдықтарын, бұрғылау шламдарын, бұрғылау сұйықтықтарын залалсыздандыру технологиясын жасадық. Бұл әдіс кеңестік кезеңнен бері белгілі және өте қарапайым. Біз бұл қалдықтарды сөндірілмеген әкпен өңдейміз. Біздің патентке сәйкес, химиялық реакция нәтижесінде олар техногендік топыраққа айналады. Оны жол құрылысында пайдалануға болады, яғни қалдықтың қауіптілік деңгейі іс жүзінде жойылады, дейді кәсіпкер.

Алайда, кәсіпкердің сөзінше, оған жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін айып тағылған.

- Тәуелсіз экологиялық сараптамалар біздің полигоннан ешқандай зиян заттар шықпағанын анықтады. Барлығы белгіленген нормаларға сәйкес болды. Қалдықтар 4,5 гектар аумақта орналасқан арнайы алаңдарда сақталды және залалсыздандырылды. Полигонда сұйық мұнай қалдықтары мен бұрғылау ерітінділеріне арналған бірнеше арнайы карталар бар, сондай-ақ рекультивациялық алаң орналасқан, дейді Мұрат Ниязов.

2023 жылдың күзіне қарай бірінші инстанциядағы сот кәсіпорынды қомақты айыппұл төлеуге міндеттеді. Айыппұл уақытша қалдықтарды жинауға арналған лимиттің болмағаны үшін салынған. Кәсіпкер бұл шешіммен келіспей, Жоғарғы сотқа жүгінді. Енді ол жақын күндері түпкілікті шешімді күтуде.

3700 ЖЫЛ

Кәсіпкер айыппұл көлеміне қатысты пікір білдірді.

- Мен жыл сайын ең көп дегенде 10 миллион теңге төлей аламын. Ал 37 миллиард теңгені өтеу үшін шамамен 3700 жыл қажет болады, деді ол.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді. Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылғы тексеру барысында Атырау облысының экологтары кәсіпорын тарапынан ауыр заңбұзушылықтарды анықтаған.

- 2022 жылдан бері кәсіпорын ашық алаңдарда 13 мың тоннадан астам қауіпті мұнай және басқа да қалдықтарды жинақтаған. Бұл тексеру табиғатты қорғау прокуратурасының талабы бойынша жүргізілді. Осы уақытқа дейін бұл қалдықтар жойылмаған. Экологиялық нормалардың бұзылуына байланысты Oxygenator ЖШС-не әкімшілік айыппұлдар салынды. Кейбір айыппұлдар кәсіпорын тарапынан мойындалып, ерікті түрде төленді. Алайда негізгі заңбұзушылық – экологиялық рұқсатсыз қауіпті қалдықтарды жинақтау, делінген жауапта.