Еуропалық Одақ Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдаған қазақстандық компанияларға санкция салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
ЕО Кеңесі Ресейдің Украинаға қарсы соғысында әскери-өнеркәсіптік кешенін тікелей қолдаған 53 жаңа ұйымды санкциялық тізімге қосты. Бұл ұйымдарға қос мақсатты тауарлар мен технологиялардың экспортына қатаң шектеулер енгізіледі. Сонымен қатар, олар Ресейдің қорғаныс және қауіпсіздік секторын технологиялық тұрғыда жетілдіруге ықпал ететін тауарлар мен технологияларды жеткізуден шектеледі.
- Бұл ұйымдардың үштен бірі – ресейлік компаниялар. Қалғандары Қытай (Гонконгті қоса алғанда), Үндістан, Қазақстан, Сингапур, Түркия, БАӘ және Өзбекстанда тіркелген. Олар санкциялық шектеулерді айналып өтуге немесе Ресейдің әскери операцияларында қолданылатын дрондар мен зымырандарға қажетті тауарларды сатып алуға қатысқан, делінген хабарламада.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін Еуроодақ Украинадағы соғыстың үшінші жылдығына орай Ресейге қарсы 16-шы санкциялық пакетті қабылдаған болатын.
Еске салайық, 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путиннің бұйрығымен Украинаға кең ауқымды басқыншылық басталды. Осы уақыт ішінде Украина қалалары үздіксіз шабуылға ұшырап, бейбіт тұрғындар зардап шегуде.