Белгілі актер Рахман Омаров Назарбаевтар әулетіндегі жаңа жыл кешін қалай жүргізгенін есіне алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Актердің сөзінше, ол 2004 жылы Назарбаев әулетінің жаңа жыл кешін жүргізген.
- Ол ашылып айтылмаған әңгіме. Бір жерде ғана шет-жағасын айттым. 2004 жылы болған еді. Назарбаевтардың отбасылық тойларын жүргізетінмін. Экс-президент Жаңа жылды қарсы алды. Екі құдасы – Әлиевтер мен Құлыбаевтар бар. Құдалары, күйеубалалары келді. Тимур Құлыбаев та келді. Тимур байсалды болып көрінді, ал Рахат сол кезде ҰҚК-ні басқаратын. Сол кездегілердің айтуынша, қылышынан қан тамып тұрған кезі еді. Министр, депутаттардың көбі Назарбаевтан емес, Рахат Әлиевтен қорқатын. Сол кезде Назарбаев тілек айтылып жатқан тұста Әлиев реплика тастап отырды. Президентке кірме сөздер қыстырып отырғанын көрген кезде “қалайша?” деп таңғалдым. Бір кезде Рахат Әлиев столға аяғын қойды, бұл Назарбаевқа ұнамады, дейді Рахман Омаров Дулат Тәстекейге берген сұхбатында.
РАХАТ ӘЛИЕВ
Айта кетейік, Рахат Әлиев Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы. Ол үлкен қызы Дариға Назарбаеваға 1983 жылы үйленген. Ол кезде Назарбаев Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің хатшысы еді.
Әлиев 2000 жылдардың басында Қазақстандағы ықпалды саясаткерлердің бірі болған. Мамандығы дәрігер Рахат Әлиев 39 жасында ҰҚК төрағасының орынбасары, кейін президенттің күзет қызметі бастығының орынбасары болды. Ол 2002 жылы Қазақстанның Австриядағы елшісі атанды.
Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев 2015 жылы ақпанның 24-і күні Венадағы түрмеде өлі күйінде табылды. Ол 2014 жылы жазда өз еркімен берілгеннен бері Австрияда қамақта отырған. Австрия прокуратурасы Әлиевке 2007 жылы қаза тапқан қазақстандық екі банкирдің өліміне қатысты айып таққан. Рахат Әлиев айыпты жоққа шығарып, оның саяси астары бар екенін айтқан.