Ақтөбеде велосипед жолағының құрылысына құжатсыз рұқсат берген бұрынғы шенеунік сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
ВЕЛОЖОЛАҚ ҮШІН СОТТАЛДЫ
Төрт жыл бұрын Ақтөбе тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарған Жанболат Құсмұханбетов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Экс-шенеунік енді өмір бойы мемлекеттік қызметке жолай алмайды.
ҮКІММЕН КЕЛІСПЕЙ ОТЫР
Алайда 42 жастағы сотталушы үкіммен келіспей отыр. Сотта оны үш бірдей адвокат қорғаған. Құны бір жарым миллиард теңгеге жуық велосипед жолағы құрылысына қатысты белсенділер тарапынан арыз көп болды. Алғашқыда сапасына сын айтылды. Себебі жолақ төселген бойда жарылып, шеті тез үгітіліп кеткен. Ақыры жаппай тексеру басталғанда құрылыстың ешбір жоба-смета құжаты жоқ екені анықталды. Мердігерге 665 миллион теңгенің жұмысы атқарылды деп ақша да аударылған.