×
499.22
519.14
5.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.22
519.14
5.64

Кәрі құрлық оянды ма? Еуропа көшбасшыларының Лондондағы кездесуі немен аяқталды

Бүгін, 08:42
Кәрі құрлық оянды ма? Еуропа көшбасшыларының Лондондағы кездесуі немен аяқталды
ВВС

Ақ үйде Украина президенті Зеленскийдің АҚШ президенті Трамп пен вице-президент Вэнспен ашық дауынан бір күн өткен соң украин көшбасшысын Ұлыбритания билігі Лондонда зор құрметпен қарсы алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ВВС ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Зеленский Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер ұйымдастырған еуропалық көшбасшылар саммитіне қатысып, кейін Сандрингемдегі резиденциясында король ІІІ Карлмен кездесті.

ЕУРОПА БАСШЫЛАРЫ НЕНДЕЙ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

Саммиттің басты мақсаты – «соғысты тоқтату жоспарын әзірлеу» болды, деп мәлімдеді оның ұйымдастырушысы Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер. Оның айтуынша, бұл жоспар кейін АҚШ-пен талқыланып, содан кейін бірлесіп іске асырылады.

Кездесуге қатысушылар келесі төрт негізгі қадам бойынша келісімге келді:

  • Соғыс жалғасқан жағдайда Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтатпай, Ресейге экономикалық қысымды күшейту.
  • Кез келген ұзақ мерзімді бейбітшілік Украина егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс, ал Украина келіссөздер үстелінде болуы керек.
  • Бейбіт келісім жасалған жағдайда, еуропалық көшбасшылар Ресейдің болашақта Украинаға кез келген басып кіруін болдырмауға ұмтылады.
  • Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында «ниеттестер коалициясы» құрылады.

Кир Стармер сонымен қатар Ұлыбританияның еуропалық елдердің күш-жігерін «құрлықта әскермен және әуеде авиациямен» қолдауға міндеттенетінін растады. “Еуропа ауыр жұмысты атқаруы тиіс” деген ол бұл келісім АҚШ-тың қолдауына мұқтаж екенін атап өтті.

Мынаны ашық айтқым келеді: біз Трамппен тұрақты бейбітшілік орнатудың аса маңызды қажеттілігі жөнінде келісеміз. Енді біз мұны бірге іске асыруымыз керек.

Мен АҚШ-ты сенімсіз одақтас деп санамаймын, бір-бірімен соншалықты тығыз байланысқан екі ел жоқ, – деді премьер-министр журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, саммитке қатысушылар «бұл – біз АҚШ-пен бірлесіп және оның қолдауымен әзірлеп жатқан жоспар» деген тұжырымға келді. «Сондықтан мен кеше кешке Трамппен сөйлестім» деп түйіндеді ол.

ҮЗДІК НӘТИЖЕГЕ ҰМТЫЛЫП, ЕҢ НАШАР ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫН БОЛУ КЕРЕК

Еуропа комиссиясының төрағасы Урсула фон дер Ляйен Лондонда өткен еуропалық көшбасшылар саммитін «пайдалы әрі ашық пікірталас» деп атады. Оның айтуынша, саммитте Киевке жан-жақты қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету қажеттілігі, соның ішінде Украинаға мықты ұстаным беру және оны «нығайту мен қорғау» үшін қажетті құралдармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланған. Еурокомиссия басшысының мәлімдеуінше, бұл Украина экономикасының өміршеңдігіне де, оның әскери тұрақтылығына да қатысты.

Біз қорғанысымызды күшейтуіміз керек… Үлкен қадам жасауымыз қажет. Қазір қауіпсіздікке жұмсалатын шығындарды арттыру аса маңызды, ең нашар жағдайға дайын болу қажет, – деді Урсула фон дер Ляйен.

Ол сондай-ақ Лондоннан АҚШ президенті Дональд Трампқа үндеу жолдап: «Біз сіздермен бірге демократияны қорғауға, құқық үстемдігі қағидатын сақтауға дайынбыз. Бірде-бір мемлекет көршісінің аумағына баса-көктеп кіре алмайды немесе шекараларды күшпен өзгерте алмайды», – деп мәлімдеді.

Болашақ соғыстардың алдын алу – біздің ортақ мүддеміз, – деп түйіндеді ол.

НАТО Бас хатшысы Марк Рютте де осы кездесуге қатысып, көптеген еуропалық елдердің қорғаныс шығындарын арттыратынын растады. Оның айтуынша, бұл «АҚШ-пен әділетті тепе-теңдікті» қалпына келтіруге ықпал етуі тиіс.

Саммитке Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан да қатысты. Ол Түркияны Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздер алаңы ретінде ұсынды.

Балтық елдерінің көшбасшылары бұл саммитке шақырылмады. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Эстония, Литва және Латвия президенттерінен видеоконференция барысында кешірім сұрап, келесі кездесулерде бұл қателікті түзететінін уәде етті. Сондай-ақ, ол Украинаға қолдау көрсетудегі Балтық елдерінің маңызды рөлін ерекше атап өтті.

“ЕУРОПА ОЯНДЫ”

Польша премьер-министрі Дональд Туск Лондонда өткен еуропалық көшбасшылар саммитінің қорытындысы бойынша X әлеуметтік желісінде: «Еуропа оянды» деп жазды. Тусктің жазуынша, саммит қатысушылары Украинаға көмек көрсету, тығыз трансатлантикалық ынтымақтастықтың қажеттілігі және Шығыс шекараны нығайту мәселелерінде бір пікірде болды.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони «Бізге ең басты қажет емес нәрсе – ұзаққа созылмайтын бейбітшілік» деп мәлімдеді.

Ұсынылған бастамаларды бағалауда аса сақ болуымыз керек, әсіресе, мына маңызды сұраққа жауап іздегенде: бұл бейбітшілік бұзылуы мүмкін бе? Өйткені, өкінішке қарай, біз мұндай жағдайлардың өткенде қалай орын алғанын көрдік», – деді Италия үкіметінің басшысы.

Германияның қызметтен кетіп жатқан канцлері Олаф Шольц «НАТО-дағы трансатлантикалық одақтастық» АҚШ, Канада және Еуропа қауіпсіздігінің «негізгі элементі» болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары альянс «жаңа мүшелерді қосу және қорғаныс шығындарын арттыру арқылы» нығайды және «бұл – болашақта да ұстанатын бағытымыз» дейді.

Нидерланды премьер-министрі Дик Схооф Еуропа «құрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруы тиіс» екенін атап өтті және «жақсы трансатлантикалық қарым-қатынастар да қажет» екенін қосты.

ЗЕЛЕНСКИЙ КОРОЛЬГЕ КОСТЮМСІЗ КІРДІ

Саммиттен кейін Зеленский Ұлыбритания королі Карл III-пен кездесті. Журналистердің назарын тағы да оның киімі аударды – Украина президенті, АҚШ-қа сапары кезіндегідей, бұл жолы да классикалық костюм кимеді.

Бұл мәселе Овал кабинетінде өткен пікірталастың алдында да, кейін де Дональд Трамп пен кейбір журналистердің назарын аударды. Олар мұны «Овал кабинетіне деген құрметсіздік» ретінде бағалады.

Алайда, сарапшылардың айтуынша, король Карл III үшін бұл ешқандай мәселе тудырмаған сыңайлы.