Asar-ume қайырымдылық қоры Перизат Қайраттың ісі бойынша жәбірленуші деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы қор өкілдері хабарлады.
- ОО «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» басшысының қаржы жымқыру ісі қоғамда кеңінен белгілі болды. Біз сенгіміз келмейтін фактілер шындыққа айналып, бұл жағдай елдегі қайырымдылық саласына үлкен соққы болды. Бұл оқиға игі істермен айналысатын әр адамға әсерін тигізіп, қайырымдылыққа деген сенімге күмән ұялатты.
Өкінішке қарай, ОО «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» жасаған алаяқтық әрекеттер біздің қорымызға да әсер етті. Тергеу нәтижесінде ОФ «Асар Үме» ресми түрде жәбірленуші тарап деп танылды. Істің мән-жайын толық жариялай алмаймыз, бірақ әділдік орнайтыны сөзсіз – кінәлілер заң алдында жауап береді, делінген жазбада.
ҚОР ЖАБЫЛАДЫ
Еске салайық, бұған дейін Перизат Қайраттың “Biz Birgemiz” қоры жабылатынын хабарлаған едік.
ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТТЫҢ ІСІ
Волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталып, тергеліп жатыр.
16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайрат Палестинаға деп ақша жинап, тағы 200 млн теңге жымқырғанын растады.
Сондай-ақ Ulysmedia.kz ресми ашық дереккөздер арқылы Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz қоры жайлы мәліметтерге үңіліп көріп, қордың бірнеше құрылтайшысы барын анықтады.
Перизатпен бірге «Amanat» партиясының да аты қатар аталып, ел ішінде түсініспеушіліктер пайда болды. Осыған байланысты «Amanat» партиясының басшылығы өздерін «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын мәлімдеді.
22 МЛН
Жақында Перизат Қайрат тағы 22 млн теңге жинап алғаны белгілі болды. Қылмыстық іс 218-бап бойынша қаралып жатыр. Тағы бірнеше эпизод бар. Бұған дейін Палестинадағы жағдайға қатысты және су тасқынына қайырымдылыққа жинаған ақшалары туралы айтылған. Жақында анықталған жаңа эпизод бойынша Перизат Қайрат мүгедек жандарға реабилитациялық орталық ашамын деп аукцион ұйымдастырып, тағы 22 миллион теңге жинап алған.