×
499.11
521.12
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.11
521.12
5.58

AUYL SPORT: Ауыл спортының дамуына арналған маңызды әріптестік

Бүгін, 10:54
AUYL SPORT: Ауыл спортының дамуына арналған маңызды әріптестік

Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу және бұқаралық спортты дамыту бағытында жаңа қадам жасалды. Тимур және Динара Құлыбаевтар негізін қалаған Halyk қайырымдылық қоры мен “Қазақстанның каратэ федерациясының одағы” ЗТБ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл келісім ауылдық аймақтардағы спорт инфрақұрылымын жақсартуға, ауыл балалары мен жасөспірімдерін спортқа баулуға, бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ ауылдық жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастама жас спортшыларды қолдауға, олардың әлеуетін дамытуға және спорттық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Құжатқа Halyk қорының Атқарушы директоры Жақсылықов Ғалымбек Жақсылықұлы және "Қазақстанның каратэ федерациясының одағы" ЗТБ Бас хатшысы Молдағали Асқар қол қойды.

Бүгінде еліміздің көптеген ауылдық аймақтарында спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, жаттықтырушылар мен төрешілердің тапшылығы байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, AUYL SPORT жобасы – ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ететін маңызды бастама.

Каратэ федерациясымен әріптестік – жобаның дамуына тың серпін береді. 

"Қазақстанның каратэ федерациясының одағы" – еліміздегі жетекші спорттық ұйымдардың бірі. Оның ауыл спортының дамуына атсалысуы каратэ спортын өңірлерде кеңінен таратуға, жас спортшыларға тәжірибелі жаттықтырушылардан тәлім алуға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

- Бүгін каратэ федерациясымен жасалған меморандум – AUYL SPORT жобасының одан әрі дамуына зор үлес қосатынына сенемін. Бұл серіктестік ауылдық жерлерде спорттың дамуына тың серпін беріп, жас спортшыларға жаңа мүмкіндіктер ашады, деді Halyk қорының Атқарушы директоры Жақсылықов Ғалымбек Жақсылықұлы.

Бұл меморандум еліміздегі бұқаралық спортты дамыту мен қайырымдылық мәдениетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Құжатқа қол қойған тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты тереңдетіп, ауылдық спорттың қолжетімділігін арттыру үшін бірлесе жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.

Еске салайық,  AUYL SPORT жобасы 2024 жылы облыстық деңгейдегі турнирлерден бастау алды. Оған 200 ауылдан 12 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысып, спортқа деген қызығушылықтарын танытты. Каратэ – жоба аясында қамтылған алты спорт түрінің бірі. Жобаның республикалық турнирінің финалы еліміздің 17 облысынан 1300-ден астам жас спортшыны бір алаңда тоғыстырып, ауыл спортын жаңа деңгейге көтерді.

Halyk қайырымдылық қоры – еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарды қолдауға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан ірі ұйым. Қор ауылдағы спортты дамытуға 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөлді. Сонымен қатар, осы күнге дейін 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, оған 85 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсады.

AUYL SPORT жобасы – ауыл спортының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етіп, болашақ чемпиондардың шығуына мүмкіндік береді! Тимур Құлыбаевтың бұл бастамасы ауыл балаларына спорт арқылы жаңа мүмкіндіктер сыйлауға деген ұмтылысының жарқын көрінісі.