Тәртіпке бағынбаған жүргізуші ақыры "таяқ жеп" тынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҮРГІЗУШІ МАГИСТРАТУРАДАН ШЫҒАРЫЛЫП, ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНАН ҚУЫЛДЫ
Тәртіпке бағынбай тайраңдаған “Лексус” жүргізушісі ҚР ІІМ Қостанай академиясының магистратурасының студенті екені белгілі болған еді.
«Тексеру нәтижесінде Қостанай — Әулиекөл автожолында жол ережесін бұзған жүргізуші Қостанай ІІМ академиясының магистратурасынан шығарылып, құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіргені үшін ішкі істер органдарынан жұмыстан қуылды», — деп мәлімдеді Қостанай ІІМ академиясында.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Әлеуметтік желіде Қостанай облысында полицейлер мен "Лексус" жүргізушісінің "тіресіп" қалған сәті видеоға түсіп қалған.Видеода патрульді полиция қызметкері жол талғамайтын көліктің иесін тасжолда тоқтатқанын көруге болады. “Лексус” жүргізушісі 11 жыл жол полициясы болып істегенін айтып, былапыт сөздер айта бастайды.
“Менің көлігімнің нөмірін жаттап ал”,- деп “Лексус” жүргузішісі кетіп қалады.
ТЕКСЕРІС
Қостанай облыстық полиция департаменті оқиға 4 ақпанда Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында болғанын айтады.
“Қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тәртіптік комиссияның шешімімен кінәлі жүргізушінің жауапкершіліктен құтылуына жол берген екі патруль қызметкері де қызметтерінен босатылды”,- делінген полиция жауабында.
Желі қолданушылары тәртіпке бағынбаған жүргізушіні қатаң жазалау керегін айтып пікір қалдырған.