Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовқа қойды.
ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Жалпы хабардармыз. Ол мәселені білеміз. Алайда бұл мәселемен тікелей “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы айналысып жатыр. Өзінің мердігер компанияларымен өзара келіссөздерді жүргізіп жатыр. Нәтижесін кейін білеміз, – деп қысқа қайырды Әлібек Жамауов.
НАРАЗЫЛЫҚ ЖАЙЛЫ
Маңғыстауда Қаламқас кен орнында жұмысшылардың наразылық білдіргенін бұған дейін жазған едік. Екі компаниядан 150-ге жуық адам шыққан. Жұмысшылардың айтуынша, олардың онсыз да төмен жалақылары 1 наурыздан бастап қысқартылған. Себебі бір компания тендерді ұтып алып, жұмысшыларына жалақыларын кем дегенде 20 пайызға қысқартатын келісімшартты ұсынған.
Оның алдында жалақыны көтеру талабымен «TES Service Company» ЖШС жұмысшылары шығып, президентке үндеу жасаған болатын. Үндеу жасаған жұмысшылар бұған дейін «Ftc Win» аутсорсингтік компаниясында жұмыс істеген. Кейіннен олар «TES Service Company» компаниясына ауыстырылған. Бүгін 3 наурызда жұмысшылар, оның ішінде, электршілер, вахтерлер, аула сыпырушылар, темір ұсталары, сантехниктер үндеу жасаған. Олардың басты талабы – жалақыны көтеру.