×
489.15
533.47
5.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.15
533.47
5.64

Қар мен найзағай: Алматыда ерекше табиғи құбылыс болды

08.03.2025, 08:00
Қар мен найзағай: Алматыда ерекше табиғи құбылыс болды
Ашық дереккөздерден алынды

Кеше, 7 наурызда кешкі сағат 19.40 шамасында Алматыда күн күркіреп, найзағай ойнады. Бұл кезде қалада қапалақтап қар жауып тұрған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Көктемнің басында мұндай табиғи құбылыстың болатынын күтпеген тұрғындар қас-қағым сәтте жарық еткен сәуле мен қатты шыққан дауыстан сескеніп қалды. Адамдардың көбі қаланың бір ауданында жарылыс болды деп топшылап, әлеуметтік желіде жаза бастады. Бірақ көп ұзамай Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті: «бұл көктемнің алғашқы күн күркіреуі мен найзағайы» деп ресми хабарлама таратты.

«Қазгидрометтің» Алматы филиалының ақпараты бойынша, қаланың таулы аумағында бұлттардың шоғырлануына байланысты найзағай ойнап, күн күркіреді, - деп хабарлады Алматы ТЖД.

Қар жауып тұрғанда күн күркіреп, найзағай ойнауы сирек кездесетін метеорологиялық құбылыс. Ол жылы және ылғалды ауа суық ауамен араласқан кезде пайда болады. Бұл жағдайда атмосфералық электр қуатының кернеуі артып, найзағай ойнайды.

Алматы тұрғындарының дені мұндай табиғаттың тосын мінезін алғаш рет көргенін айтып, әлеуметтік желілерде жазып жатты. Кейбірі тіпті жарық еткен найзағайдың сәулесін видеоға түсіріп үлгергендер де бар.