АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасына Түркияның дипломатиялық мәртебесін қайта қарау және оны Еуропа емес, Таяу Шығыс елі деп тану туралы заң жобасы енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Fox News-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Америкалық заң шығарушылар тобы Түркияның дипломатиялық мәртебесін қайта қарауды көздейтін екі партиялы заң жобасын ұсынды.
«Түркияның дипломатиялық қайта құру туралы заңы» деп аталатын бастама Түркияны Еуропа және Еуразия істері бюросының құзыретінен АҚШ мемлекеттік департаментінің Таяу Шығыс істері бюросына ауыстыруды көздейді. Себеп – АҚШ-тың жауларымен байланысы бар Түркияны тоқтату. Вашингтонның пікірінше, Анкара АҚШ пен Солтүстік атлантикалық келісім ұйымының (САКҰ/НАТО) одақтастарынан алшақтай бастаған.
КОНГРЕСТІҢ ҰСТАНЫМЫ
Оның (Ердоған – шамамен) үкіметі ХАМАС содырларын жасырады, Путиннің әскери машинасын қолдайды және батыстағы одақтасының артықшылықтарын талап ете отырып САКҰ-ның бірлігіне кедергі келтіреді. Америкалық дипломатияға Түркия әлі де Еуропаның бір бөлігі болып саналады деп өтірік мүләйімсігенді доғаратын кезі келді, – деді жобаны ұсынған топты басқарған конгрессмен Шнайдер.
Түркия үкіметі Конгресс мүшелерінің оның сыртқы саясаты мен еуропалық ұстанымына қатысты жасаған байламымен келіспейтінін байқатты.
ТҮРКИЯНЫҢ ЖАУАБЫ
Түркияның еуропалық бірегейлігі - бұл сөзсіз тарихи және геостратегиялық факт. САКҰ-ның, Еуропа кеңесінің, ЕҚЫҰ-ның және ЕО-ның қауымдастырылған мүшесі ретінде Түркия осы институттар ұсынатын еуропалық институционалдық жүйе мен әмбебап құндылықтардың ажырамас бөлігі болып есепеледі, - деді Вашингтондағы Түркия елшілігінің өкілі Fox News Digital-ға берген жауапта.
90 КҮН УАҚЫТ БЕРІЛДІ
Заң жобасы бастамашыларының бірі Түркия САКҰ платформасын америкалық мүдделерді бұзу үшін пайдаланды деп мәлімдеді. Түркия Вашингтонды тығырыққа тіреп, Швеция мен Финляндияны ұйымға қабылдауды мақұлдау үшін F-16 жойғыш ұшақтарын сатуды талап етті.
Ұсынылған заң жобасы Мемлекеттік департаменттен 90 күн ішінде Түркияның дипломатиялық мәртебесін қалпына келтіруді және Конгреске Түркияның Еуропадан кетуінің салдары туралы бес жылдық шолу ұсынуды талап етеді.