Ангела Меркель Украинадағы соғыс тек әскери әдістермен шешілмейді деп мәлімдеп, дипломатияны қолдануға шақырды. Германияның экс-канцлері бұл пікірін 10 наурыз күні Дюссельдорфта өткен Rheinische Post газетінің шарасында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕРКЕЛЬДІҢ УКРАИНА ТУРАЛЫ ПІКІРІ: ӘСКЕРИ ӘДІСТЕР ЖЕТКІЛІКСІЗ
Меркель Владимир Путинді "Украинаның егемендігіне қол сұқты" деп айыптап, халықаралық құқықтың бұзылғанын және Еуропадағы соғыстан кейінгі тәртіптің шайқалғанын атап өтті. Дегенмен, ол қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды.
"Тек қана әскери тәсілдер жеткіліксіз", – деді экс-канцлер.
МӘСКЕУ МЕН КИЕВ КЕЛІССӨЗГЕ ЖАҚЫНДАДЫ
Меркель қазіргі таңда Ресей мен Украина соғысты келіссөздер арқылы тоқтатуға бұрынғыға қарағанда жақын екенін айтты. Ол өзінің "Еркіндік" атты мемуарлық кітабын шығарған бірнеше апта бұрын жағдай бұлай болмағанын еске салды.
"Саясат қарсы тараптардың мүлдем үйлеспейтін позицияларын жақындастыруға тиіс", – деді ол.
Экс-канцлер Еуропа мен АҚШ-тың Украина тәуелсіздігін сақтауы үшін барлық күш-жігерін жұмсауы керек екенін айтты. "Украина егемен мемлекет болып қалуы тиіс", – деп мәлімдеді ол.
ГЕРМАНИЯДАҒЫ САЙЛАУЛАР, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ТРАМП ТУРАЛЫ ПІКІРІ
Бундестагтағы кезектен тыс сайлау қорытындысы туралы пікір білдірген Меркель Христиан-демократиялық және Христиан-әлеуметтік одақтарының (ХДС/ХСС) жеңісіне қуанғанын жеткізді. Ол 1990 жылдан бері ХДС мүшесі және 18 жыл бойы партияны басқарған.
"Үш партиялы коалиция (СДПГ, Жасылдар, Еркін демократтар) көптеген келіспеушіліктер тудырды", – деді экс-канцлер.
Ол Германияның қорғаныс саласына ЖІӨ-нің 2%-дан астамын бөлуі керектігін қолдап, Еуропаның бірлігін сақтамаса, оның "жойылып кету қаупі бар" екенін ескертті.
"Кейде өзіме сұрақ қоямын: біз қорғаныс шығындарын арттыруда жеткілікті жылдамдықпен әрекет еттік пе?", – деп ағынан жарылды Меркель.
Дональд Трамп туралы ойын білдірген экс-канцлер оны өзіне маңызды нәрселерді анық білетін және назар аудартудың шебері деп сипаттады.
Меркель сөз соңында қазіргі саясаткерлерге кеңес бермейтінін және сырттай бақылаушы рөлінде қалатынын айтты