×
488.53
531.91
5.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
488.53
531.91
5.68

Су тасқыны: зардап шеккендерге берілген үйлердің қабырғалары жарылып жатыр

Су тасқыны: зардап шеккендерге берілген үйлердің қабырғалары жарылып жатыр
ЖИ / ulysmedia.kz

Атырау облысы Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы “Болашақ” ықшам ауданында былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып салынған үйлердің қабырғалары жарылып жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШАҒЫМ

Азаттық мәліметінше, тұрғындар үйлердегі жарықтар туралы 11 наурызда шағымдана бастады. Құлсары тұрғыны Замира Алақаева жарықты алғаш 8 наурыз күні байқағанын айтады.

– Сол күні түстен кейін мердігер компанияға хабарластым. Олар мамандар келеді деді, бірақ ешкім келген жоқ. Тек 9 наурызда кешкі сағат 18:00-де әкімдікке өзім барып шағымданған соң ғана келді, – дейді ол.

2023 жылғы сәуірдегі су тасқынында Құлсарыдағы көпқабатты үйдің бірінші қабатына су кіріп, жертөлесі суға толған. Салдарынан Замира Алақаеваның пәтері жарамсыз болып, әкімдік оған “Болашақ” ықшам ауданынан жаңа үй берген. Ол 2024 жылдың күзіне қарай жаңа баспанаға кірген еді.

Тағы бір тұрғын Әсел Дүсіпқалиева да 8 наурыз күні үйінің қабырғаларынан жарықтар пайда болғанын байқаған. Оның айтуынша, күн сайын жаңа жарықтар пайда болып жатыр, ал өзі үй құлап кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

ӘКІМДІК ПЕН БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова құрылыс басқармасы “Болашақ” ықшам ауданындағы үйлердегі жарықтар туралы хабардар екенін және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ал Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов жағдайды зерттеу үшін арнайы мамандар жіберілгенін айтты.

– Орынбасарымды жібердім, ол мәселені толық зерделеп шықты. Қазір мердігер мекемелер де сол жерде жұмыс істеп жатыр. Алты үйдің қабырғаларынан жарықтар анықталды. Алдын ала болжам бойынша, негізгі себеп – қардың шамадан тыс түсуі және септиктердің толып кетуі. Қар суы дұрыс тазаланбағандықтан, іргетасқа сіңіп, үйлердің шөгуіне әсер еткен. Қазіргі уақытта техникалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Егер іргетасқа зақым келмесе, жөндеу жұмыстары басталады. Бір апта ішінде қорытынды шығарып, тиісті шараларды қолға аламыз, деді Құсайынов.

ҚҰРЫЛЫСҚА ЖАУАПТЫ КОМПАНИЯЛАР

Жарықтар пайда болған үйлерді салған мердігерлердің тізімі анықталды:

  • “Армандастар-Атырау” – 1 үй
  • “Қазкомсервис” – 1 үй
  • “АBC-Лимитед” – 4 үй

Құсайыновтың айтуынша, осы үш компанияға өз қаражаты есебінен үйлерді қалпына келтіру және техникалық зерттеу жүргізу туралы хат жолданған.

– Егер жөндеу қажет болса, кепілдік мерзімі аясында жүзеге асыру туралы да хатқа енгіздік, деді ол.

2024 ЖЫЛҒЫ СУ ТАСҚЫНЫ

Еске сала кетейік, былтыр көктемде Қазақстанның бірнеше аймағында үлкен су тасқыны болған. Апат салдарынан 200-ден астам елді мекен зардап шегіп, 17 мың үй су астында қалған. Үкімет мәліметіне жүгінсек, тасқыннан жалпы есепте 300 млрд теңге шығын келген.