Шығыс Қазақстанның әкімі болған, ал таяуда үкімет басшысының орынбасары қызметіне келген Ермек Көшербаев алтын дауы шыққан Маралдыға барам деген уәдесінде неге тұрмағанын түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КӨШЕРБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Мәжіліс кулуарында бұл сұрақты Көшербаевке Ulysmedia.kz тілшісі қойған еді.
Барам дедім, үлгермедім, – деп қолын қусырды Көшербаев.
Ермек Көшербаев “Маралдыға жағдай жасалғанын білесіз бе?” деп қарымта сұрақ қойды. Сөзінше, Маралды ауылдық округінде бес ауыл бар. Көшербаевтің сөзінше, сол ауылдарға 500 млн теңге ғана бөлінген.
Біз келген бір жылдың ішінде 1,5 млрд теңге бөлдік. Ауылдың ішіндегі жолдарға асфальт жайылды. Жарық тартылған. Мәдениет үйі жөнделіп, мектепке ақша берілген. Медпунктке ақша берілген. Одан кейін комбинаттың басында 30 шақты адамды жұмысқа алған. Көбінесе сұрақтардың бәрі шешілген, – дейді ол.
МӘСЕЛЕ ШЕШІЛСЕ, МАРАЛДЫЛЫҚТАР ӘДІЛДІК ІЗДЕП НЕГЕ АСТАНАҒА КЕЛДІ
Бұл сұрақ Көшербевтің алғашқы жауабынан кейін өзіне қойылды. Вице-премьердің айтуынша, зауыттың құрылысын маралдылықтар заңсыз екенін айтқан.
Біз оларға айттық: егер заңсыз болса, тиісті заңға сәйкес, арыз жазып, сотқа бару керек дедік. Себебі басында, мен келгенде бірінші шешімім – аудан әкіміне келген инвесторға “жерді бермеңдер” дедім. Бірақ инвестор сотқа арыз жазып, сот біз жаққа шешім қабылдаған жоқ. Одан кейін бақылау органдары ол жерге барып, халықпен кездесіп, тиісті шешімді қабылдады. Бәрі заңға сәйкес болды. Егер заңға сәйкес болмаса, сотқа беру керек. Болды, – дейді Көшербаев.
АСТАНАҒА МАРАЛДЫЛЫҚТАР НЕГЕ КЕЛДІ
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары өткен айда Астанаға келіп, алтын зауытының жұмысына қарсылық білдіріп, депутаттармен, министрліктің өкілдерімен кездескен еді. Бақытгүл Рахиеваның ауылдасы Сафура Баяндинова кешеден бері маралдылықтар мәжілістің екі депутатымен, су министрлігі, экология министрлігі өкілдерімен кездескенін айтады. Бірақ “бізді тыңдайтын құлақ жоқ” дейді. Айтуынша, Маралдының ең биік тауының цианидті қолданатын, алтын өндіретін фабрика салынып жатыр.
МАРАЛДЫДАҒЫ ДАУ
Маралды ауылында жергілікті халық пен алтын өндіруді көздейтін компания арасындағы дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Жергілікті халық мәселені шешу үшін ауылға облыс әкімін де, жауапты министрлерді де шақырған. Алайда олар Маралдыға “барамыз” дегенімен аттап басқан жоқ. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар бірнеше рет президентке үндеу жолдаған.
Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.
Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.
2023 жылы шілдеде ауылдағы халықтың алтын зауытындағылармен текетіресі қантөгіске ұласа жаздаған. Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп, портал бетінде баян еткен еді.