×
505.15
550.31
5.89
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.15
550.31
5.89

Азия Авто ісі: Өскеменде олигарх Балушкиннің қол астында істеген алты адамға үкім шықты

Бүгін, 18:17
Азия Авто ісі: Өскеменде олигарх Балушкиннің қол астында істеген алты адамға үкім шықты
Ulysmedia.kz коллажы

Өскемен қаласының №2 сотында «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобының бұрынғы қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Судья Жанар Еңсебаеваның шығарған шешімі бойынша, Елена Кузьмина мен Игорь Потапов тағылған айып бойынша кінәсіз деп танылды. Олар үйқамақтан босатылды. Ержан Мандиев пен Галина Мокина бір бап бойынша кінәсіз деп танылғанымен, екінші бап бойынша бірі 2,8 жыл, екіншісі 2,6 жыл бас бостандығынан айырылды. Олар тергеу барысында жазасын өтеп болғандықтан, сот залынан босатылды. Александр Толстиков 1 жылға, Дмитрий Борзых 2,6 жылға сотталды. Олар да жазасын тергеу барысында жазасын өтеп болғандықтан, сот залынан босатылды.

Сот процесі барысында прокурорлар екі айыпталушыдан тергеу барысында тағылған айыпты алып тастаған.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖАЙЛЫ

2021 жылдың қазан айында аталған компанияның 8 қызметкері қамауға алынған еді. Тергеу барысында, күдіктілердің туыстары олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтар табылған жоқ деп мәлім еткен. Сол кезде компанияның топ-менеджерлері Өскеменге кеңеске шақырылған, бірақ қайтып оралмай, сол күні қамауға алынған. Дәл осы уақытта «Азия Авто Қазақстан» компаниясының басшысы Антон Ненахов өлі күйінде табылғаны хабарланды. Бұл оқиға бойынша «өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. 

Іс бойынша orda.kz бұған дейін кімге қандай айып тағылғанын жазған. Атап айтқанда, Дмитрий Борзых, Константин Лобанов, Андрей Рябец, Елена Кузьмина, Ержан Мандиевке ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық) бойынша, Александр Толстиковқа ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындық), 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ақшаны заңдастыру) бойынша, Игорь Потаповқа ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындық), 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ақшаны заңдастыру) бойынша, Галина Мокинаға ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық), 28-бабы 2-бөлігі (қылмыстық құқықбұзушылыққа сыбайлас қатысу), 245-бабы 3-бөлігі (салық төлеуден жалтару) бойынша айып тағылған.

Іс басталған соң 13 ай өткеннен кейін айыпталушылар үйқамаққа алынған. 2023 жылдың шілдесінде Өскемен қаласының №2 сотында алдын ала тыңдау өтті. Онда айыпталушылардың адвокаттарының өтініштері қаралып, қорғаушылар істі прокуратураға кері қайтару қажеттігін дәлелдейтін бірнеше уәж келтірген-тін. Адвокаттар сол кезде айыптау актісі дайын болғанына қарамастан, келтірілген залалдың нақты көлемі әлі анықталмады деп хабарлады. Сонымен қатар, тергеу барысында қорғаушылар “айыпталушылар азаптауға ұшырады” деп мәлімдеді.

БИЗНЕСМЕННІҢ СОТЫ

Өскеменде аталған компанияның иесі болған миллиардер Балушкинді сырттай соттап жатқанын Ulysmedia.kz бұған дейін хабарлаған болатын. Оның ісі бұл істен жеке қаралып жатыр. Бизнесменге қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Іс бойынша жәбірленуші – First Heartland Jusan Bank пен Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі). Анатолий Балушкинмен қатар, «Азия-Авто» бас директоры болған Ерік Сағымбаевқа айып тағылған. 

Анатолий Балушкинге қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша айып тағылған. Ерік Сағымбаев та 190-баппен қатар, 245-бап (салықтан жалтару) бойынша іске ілінген.

Былтыр шілдеде сотталушылардың құқығын қорғайтын адвокаттар Балушкин мен Сағымбаевтың ісін Ресейдің құзыретті органдарына жіберу жөнінде өтініш білдірген еді.

БАЛУШКИН ДЕГЕН КІМ

Балушкин 1970 жылы Өскеменде дүниеге келген. Бизнесін тоқсаныншы жылдары комбайндарды сатудан бастаған. Араға уақыт салып, ол Ресейден көлік әкеп сата бастады. Кейін Азия Авто мен БИПЭК Авто Қазақстан атты компания ашып, бақылаушы акционеріне айналды. Балушкиннің байлығы, сарапшылардың бағалауы бойынша бір жылдары 150 миллион доллардан асқан.

2017 жылға қарай Балушкин Үкіметпен келісім-шарт бойынша зауытты толық өндірістік циклі бар кәсіпорынға айналдыруы керек еді. Бірақ жеңілдіктер де, артықшылықтар да көмектеспеді. 2019 жылдың соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зауыт басшылығы келісім аясында талап етілетін дәнекерлеу және бояу цехтарын құрмады деп шағым түсірді. 2021 жылдың қаңтар айының соңында компаниядан мемлекет пайдасына 173,9 млрд теңге шығындарды өндіріп алу жөнінде шешім қабылданды. ИИДМ Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын қолдап, республикалық бюджет кірісіне шығынды өндіріп алуды талап етті.

Балушкиннің автоөндірістен басқа туризммен, саудамен, медиамен байланысты басқа да көп компаниясы болған.

2020 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Балушкин Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер қатарында 37-ші орында болған. 

2021 жылдың 12 тамызында Қаржы мониторингі агенттігі Балушкиннің іздестіру жарияланғанын және сот оны ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша сырттай қамауға алуға санкция бергені жөнінде ақпарат таратты.