×
496.41
542.77
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
496.41
542.77
6.05

Тұрғындар дабыл қақты: Астана маңындағы Қояндыда тағы су тасқыны болуы мүмкін

Бүгін, 10:46
Тұрғындар дабыл қақты: Астана маңындағы Қояндыда тағы су тасқыны болуы мүмкін
Ulysmedia.kz коллажы

Қоянды - Астанадан 20 шақырым жерде орналасқан ауыл. Қалаға жақын орналасқанына қарамастан ауыл тұрғындары проблемадан көз ашпады. Ауыл атауы оқырманға таныс болуы мүмкін, себебі 2024 жылы Қояндыда су тасқыны болып, жергілікті тұрғындар митингіге шыққан еді. 

Биыл Қояндыда 2024 жылғы жағдай қайталануы мүмкін, себебі былтырғы проблема әлі шешілмеген. Ulysmedia.kz тілшісі ауылға барып, бәрін өз көзімен көріп қайтты. 

ЖОЛДЫ САЛУЫН САЛЫП, КӘРІЗ ЖҮЙЕСІН ҰМЫТЫП КЕТКЕН

Жергілікті билікпен “күресіп жүрген” тұрғын Төлеген Мұхаммадиев редакцияға хабарласып, ауылдағы проблемалар туралы айтып берді. Оның сөзінше, 2023 жылы Қояндыда жол жөндеу жұмыстары жүргенімен кәріз жүйесі салынбаған, салдарынан былтыр төтенше жағдай болған. 

Мұхаммадиев әкімдікке де, прокуратураға да барып, жөндеуге тапсырыс беруші - "Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесіне шағымданған. Бірақ жергілікті билік ақыры ешқандай шара қабылдамаған. Мұхаммадиев ауылда қайтадан су тасқыны бола ма деп қауіптеніп отыр. 

 – 2024 жылдан бері кәріз жүйесінде ақаулар барын айтып, сендіре алмай келе жатырмын. Тапсырыс беруші дұрыс істемегендерін мойындап отыр.  Бірақ іске келгенде әне істеймін, міне істеймін деп шығады. 2025 жыл басталып кетті, әлі ешқандай қозғалыс жоқ, дейді тұрғын. 

Ulysmedia тілшісі ауылға келіп, тұрғындардың бекерден бекер қорқып отырмағанына көзі жетті – ауылда жол нашар, оның үстіне күн жылыған сайын бірнеше көше “шайыла” бастаған. 

Ауыл тұрғындары көшеде резеңке аяқ киіммен және галошпен жүруге мәжбүр. Оның өзімен жүру де қиын, аяқ еріксіз балшыққа батады. Әсіресе мектепке баратын балаларға қиын. 

Кейбір жерлерде жағдай тіпті қиын. Мысалы Кенесары көшесіндегі жағдай осы. Қар суы жолда жиналып қана қоймай, үйлерге қарай өте бастаған.  

"ШЫҒЫН 30 МИЛЛИОН"

Төлеген Мұхаммадиев журналиске былтыр су тасқынынан зардап шеккен өзінің үйін көрсетті. Сол кездегі тасқынның салдары әлі байқалады, ылғал тереңдеп кеткені соншалық, қабырғадағы түсқағаз өз-өзінен жұлынып, қабырғаның өзі көгере бастаған. 

Төлеген Мұхаммадиевтің үйі апаттық деп танылған. Ол шығын 32 миллион теңге деп есептеген. Бірақ егер ауылда қайтадан су тасқыны болса, үйді қайтадан қалпына келтіру мүмкін болмайды. 

Төлегеннің сөзінше, Қояндыда былтыр 29 үй зардап шеккен. Ulysmedia-мен Аягөз есімді тағы бір тұрғын сөйлесті, ол ауылдағы Шапағат көшесінде тұрады. 

Ылғалдан бөлек, 2024 жылдағы су тасқынының салдарынан электрге қатысты проблема туындаған. 

Бұл үйдегі жағдай Төлегеннің үйіндегі проблемаға ұқсас: Аягөздің үйіндегі қабырға қирап, ламинаты “ісіп” кеткен. Әйел алты баласымен осы үйде тұрып жатыр, егер биыл су тасқыны қайталанса, жағдай қиын болмақ. 

ӘКІМДІКТЕГІЛЕР НЕ ДЕЙДІ

Қоянды тұрғындары әкімдікке су тасқыны туралы ескертіп келе жатқанына көп болған. Былтыр олар митингке шыққаны үшін билік оларға айыппұл салды. Бұл жолы 16 наурызда ауыл тұрғындары журналистерді шақырып, наразылығын айтты. Целиноград ауданының әкімдігі жеті көшені су басқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. 

- Қазіргі таңда Қояндыда көшені су басу тіркелмеді, қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Кенесары көшесінде қар толық тазаланды, деген еді әкімдіктегілер 17 наурызда. 

Ulysmedia тілшісі Қояндыға 18 наурызда келіп, жеті емес, кемінде үш көшені қар суы басып жатқанын, олар тұрғын үйлерге өте бастағанын көрді. Қалған көшелерді шалшық су басып жатыр. Кенесары көшесіндегі қар толық тазаланбаған, оның үстіне, әкімдік айтқандай тәулік бойы жасалып жатқан жұмыс көрінбеді. 

Целиноград аудандық әкімдігі бұл жайтқа қатысты былай деп жауап берді: 

– Қазіргі таңда ауылда көшелерді су басу тіркелген жоқ, барлық қар тазалау жұмыстары штаттық режимде жүріп жатыр. Алайда бір күн бұрын жауған жауын-шашын көп жауғандықтан аумақты бірден толық тазарту мүмкін емес.

Кейбір тұрғындар кездескен тұрғын үйлердің маңын су басу, ең алдымен, әркім өз үйінің маңындағы аумақтарды дер кезінде қардан тазаламағандықтан туындайды. Сонымен қатар, құм дорбалары мен басқа материалдар алдын-ала дайындалмайды, бұл жағдайды қиындата түседі. Мұндай жағдайлар белгілі бір жерлерде ғана тіркелетінін ескеру маңызды, делінген хабарламада. 

Аудан әкімшілігі суды бұру және қардың еру салдарын жою жұмыстары су басу қаупі толық жойылғанға дейін жалғасады деп сендірді. Ulysmedia бұл жағдайда бақылауда ұстайды.