×
503.42
542.08
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.42
542.08
6

Ыстамбұл мэрінің ұсталуы, жаппай наразылық пен қақтығыстар: Түркияда не болып жатыр

20.03.2025, 08:03
Ыстамбұл мэрінің ұсталуы, жаппай наразылық пен қақтығыстар: Түркияда не болып жатыр
Dia Images

Сәрсенбі күні Ыстамбұл мен Түркияның басқа да қалаларында оппозициядағы қала әкімі Экрем Имамоглудың ұсталуына қарсы жаппай наразылық шерулері өтті. Ол алдағы президенттік сайлауда Түркия көшбасшысы Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы ретінде сайлауға түспек болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Наразылықтар Ыстамбұл провинциясының губернаторы алдағы төрт күн бойы кез келген көшедегі шеру мен жаппай жиналыстарға тыйым салу туралы жарлық шығарғанына және қала бойынша полиция күштерінің едәуір күшейтілгеніне қарамастан өршіді.

Құқық қорғау органдары қалалық әкімдік ғимаратын қоршауға алып, бірнеше көшені, сондай-ақ Таксим орталық алаңын жауып тастады. Наразылық білдірушілер әкімдік ғимаратының алдына, Имамоглу қамауда отырған полиция бөлімшесіне, Ыстамбұл университетіне және өзге де орындарға жиналды.

«Бұл – мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті», – деп мәлімдеді Республикалық халық партиясының төрағасы Өзгүр Өзел әкімдік ғимараты алдында жиналған жұртшылыққа арнаған сөзінде. – «Экрем Имамоглудың президенттікке кандидат болу құқығы ғана емес, тұтас ұлттың оны еркін таңдау мүмкіндігі тартып алынды».

Наразылық барысында қақтығыстар болғаны туралы хабарламалар түсті. Оқиға орнынан тараған бейнематериалдарға қарағанда, полиция Ыстамбұл университетінің аумағында студенттерді тарату үшін арнайы құралдар қолданған. Олар оқу орнының Экрем Имамоглудың жоғары білім дипломын жарамсыз деп тану туралы шешіміне қарсылық білдірген еді.

Аталған шешім саясаткердің қамауға алынуына аз уақыт қалғанда қабылданған. Жоғары білімі болмауы оның ресми түрде президенттікке үміткер ретінде тіркелуіне мүмкіндік бермейді.

Келесі жексенбіде өтетін Республикалық халық партиясының съезінде Экрем Имамоглу оппозиция атынан 2028 жылы өтетін президенттік сайлауға кандидат ретінде жарияланады деп күтілген (мерзімінен бұрынғы сайлау 2027 жылдың қарашасында өтуі мүмкін).

Экрем Имамоглу екі тергеу ісі бойынша күдікке ілінген – оған сыбайлас жемқорлық пен лаңкестік ұйымдармен байланысы бар деген айып тағылуда. Тергеу аясында шамамен 100 адамның, оның ішінде саясаткерлер, журналистер мен кәсіпкерлердің ұсталғаны хабарланды.

Қамауға алынғаннан кейін Имамоглудың әлеуметтік желідегі парақшаларында «халықтың еркіндігін қорқытып-үркіту немесе заңсыз әрекеттер арқылы басып-жаншу мүмкін емес» деген мәлімдеме жарияланды.

«Мен тек 16 миллион стамбұлдықтың ғана емес, 86 миллион түрік азаматының, сондай-ақ бүкіл әлемде демократия мен әділдікті қолдайтын әрбір адамның сеніміне арқа сүйей отырып, берік ұстанымымды сақтаймын», – делінген мәлімдемеде.

Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч Ыстамбұл мэріне қатысты саяси қудалау туралы айыптауларды жоққа шығарып, президент Режеп Тайып Ердоғанды оппозицияға қарсы репрессиялар мен қамауларға байланыстыруға тырысқан тараптарды сынға алды.

Оның айтуынша, бұл істі саяси қадам ретінде қарастыру «өте қауіпті әрі қате тұжырым». Ол Түркияда ешкімнің заңнан жоғары тұрмайтынын атап өтті.

Биліктегі әділет және даму партиясы да Ердоғанға қатысты айыптауларды теріске шығарып, Түркияның сот жүйесі толықтай тәуелсіз екенін мәлімдеді.

Имамоглудың қамауға алынуынан кейін наразылық шерулері ел астанасы Анкарада және басқа да қалаларда өтті. Алдағы жексенбіде ел көлемінде ауқымды наразылық акциялары өтуі мүмкін деп болжануда.