Қазақстанның салық консультанттары қауымдастығы салық кодексіне енгізілетін өзгерістермен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАРСЫЛЫҚ
Қауымдастық корпоративтік табыс салығы (КТС) мен қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемелерін көбейтуді қолдамайды. Мұндай шешім тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнының өсуіне, инфляциялық процестердің күшеюіне және халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Бұл ішкі тұтыну нарығына теріс әсер етеді.
Жеке табыс салығына (ЖТС) прогрессивті шкаланы енгізу білікті мамандарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне, сондай-ақ кәсіпкерлерге салықтық ауыртпалықты арттырады. Бұл көлеңкелі жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне және жалақыны «конвертпен» төлеудің көбеюінеа әкелуі мүмкін, салдарынан салықтық тұрақтылық пен қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы әлсірейді.
Арнайы салық режимдерінің санын азайту шағын бизнесті жалпыға бірдей салық салу режиміне көшуге мәжбүрлейді. Бұл салықтық төлемдердің артуына және шығындардың өсуіне алып келеді. Соның салдарынан кәсіпкерлер үшін нарыққа шығу қиынға соғады, микро-кәсіпорындардың жабылу қаупі жоғарылайды және бизнестің көлеңкелі секторға кетуі күшейеді.
ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу шегін төмендету кәсіпкерлер мен салық органдарына әкімшілік жүктемені арттырады. Фискалдық тиімділіктің орнына формалды кедергілер көбейіп, заңды қызмет жүргізуге деген ынта төмендейді.
Шағын бизнесті B2B сегментіндегі арнайы режимдер жүйесінен шығару нарықтық бәсекелестік пен іскерлік ортаны әлсіретеді. Бұл бизнестің дамуына кедергі келтіріп, қалыптасқан серіктестік байланыстарды бұзады және кәсіпкерлік бастамалардың қарқынын төмендетеді.
Медицина саласына, оның ішінде ҚҚС енгізу арқылы салықтық ауыртпалықты арттыру – медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне тікелей қауіп төндіреді. Қауымдастықтың пікірінше, реформалар адамның негізгі құқығы – денсаулық сақтау құқығына қайшы келмеуі тиіс.
ҰСЫНЫСТАР
– Салықтық ауыртпалықты арттыру емес, бюджет шығындарын оңтайландыру мен тиімділігін арттыруға басымдық беру.
– Бизнесті қысымға алмай, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру шараларын күшейту.
– Жекелеген “арам” ойыншылардың әрекетінен туындаған салық ауыртпалығын заңды жұмыс істеп отырған кәсіпкерлерге ауыртпалық жасамау.
– Салық реформасын ашықтық, айқындық және бизнес-қауымдастыққа құрмет көрсету қағидаттарына негіздеу.
– Жаңа салық кодексінің негізгі ережелерін әзірлеу кезінде бизнес өкілдерімен, сарапшылармен және азаматтық сектормен толыққанды диалог орнату.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға салықтық қысымды күшейту емес, экономиканың тұрақты дамуына және бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған ұтымды әрі теңгерімді реформалар қажет.