×
498.25
537.16
5.96
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.25
537.16
5.96

"Орыс-украин соғысының өтінде жүрген башқұрттың рухын көтерді". Тарихшы «Һомай» әніне талдау жасады

"Орыс-украин соғысының өтінде жүрген башқұрттың рухын көтерді". Тарихшы «Һомай» әніне талдау жасады
видео кадры

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев кейінгі күндері қызу талқыға түсіп, хитке айналған Ay Yola атты башқұрт әншісінің Homay әніне талдау жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Бұл туралы профессор Facebook парақшасында жазды. 

- Екі-үш күн болды YouTube қарасам башқұрттың «Һомай» әні хит болып жүр екен. Қазақ жастары жаны қалмай қолдап жатқан сияқты. Өңделуі, костюмдері, ұлттық музыка аспаптары жап-жақсы, менің ойымша, мына ауыр заманда орыстың бұғауында, орыс-украин соғысының өтінде жүрген башқұрттың тәуелсіз рухын көтеретін сияқты. Ән мазмұны башқұрттың «Орал батыр» эпикалық жырына негізделген дейді. Тек әнді айтатын жас қыздың башқұртшасы нашарлаума деп қалдым, әдетте башқұрттың сөзін түгел түсінуші едім, дейді профессор.

Себебі екі тілдің айырмашылығы да бар, әсіресе башқұрттың «с» орнына «һ» дыбысын қолдануы сәл қиындық тудырған.

- Мысалы, сізге дегенді «һезге» дейді, амандасқанда «һаумыһығыз» дейді т.б. Басқа айырмашылығы шамалы. Бір қызығы осы ерекшелік саха-якут тілінде де бар, мысалы- кісі, саха тілінде кіһі /киһи т.б. (Жалпы саха тілінде «ш»-ның орнына «с» жүреді, мысалы, шашты «сас», асты «аш» дейді т.б), дейді Жамбыл Артықбаев.

Оның сөзінше, мәселе тілде де емес, Құмайда болып отыр. Башқұрт интерпретациясында «Һомай» -Бақ құсы, анасы Құяш (Күн), атасы Самырау-мыс.

- «Орал батыр»- көне заманның әфсаналық түсініктерін бойына көп жинаған жыр, бұл жағынан қалмақтың «Жаңғарына» жақын-ау деймін. Осы жағынан бұл эпикалық жарларды сақ-скиф (скуз) және оған дейінгі кезеңдерді қайта қалпына келтіру үшін дерек есебінде пайдалану керек-ау деп ойладым. Екіншіден, біздің қазақта «Құмай» - күннің нұрынан жаратылды деген жоқ сияқты, әлде бар ма екен? Менің бала кезімде Құмайды басқаша түсіндіруші еді. Әкем «итала қаз деген қаз болады, 12 жұмыртқа тауып басады, соның біреуінен Құмай тазы шығады» дейтін. Мен кейін итала қазды көрдім, Ертістің оң жағасында Маралды аталатын емдік қасиеті ғажап, тұзды көл бар. Маралды көлін жағалай тұщы сулы, асты балшық қақтар кездеседі, маусым соңында суы ыстық болады. Сол қақтардың бірінен соңынан 12 балапанын ерткен итала қазды көрдім. Қаз бен үйректің арасындағы құс, оның нағып Құмайға қатысты ерекше қасиетке ие болғанын және білмедім, дейді тарихшы.

Үшіншіден, профессордың айтуынша, оңтүстік-шығыс таулы өңірде Құмай деп жыртқыш құсты айтады.

- Өз көзіммен тірісін көрген жоқпын, бірақ сақ-скиф/скуз аң бейнелі өнерінде гри/грифон дегенге келеді. Құмай /гриф- менің түсінігімше өз бетімен аңшылық қылмайды, көбінесе өлексе жейді. Оның нәғып қасиетті құс болып сақ/скиф/скуз бейнелеу өнеріне кіріп кеткенін түсінбеймін. Иә, сонымен осындай сұрақтар мазалайды. Есімізге атақты Бабыр мырза мен оның ұлы Хумаюн еске түседі. Хумаюн сөзін бақытты, текті, бекзат деген мағынадағы сөз дейді. Оның Құмайға қатысы бар ма?, дейді тарихшы. 

Оның сөзінше, бұл жерде тағы да ариан-тұран мәселесі еске түседі.

- «Құмай, Һомай, Хумаюн»- парсы тілі деп жүр, бұл қате пікір, оны Наурыз сөзінің этимологиясын түсіндіргенде айтқанмын. Бұл сөздер Иран мен Тұранның іргесі ажырамай тұрған кезде, біздің ортақ тілімізден қалған жұрнақ. Сонымен, жас зерттеушілерге тақырып көп, дейді Жамбыл Артықбаев.