Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова лифтіде балаға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге қатысты жаңа мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Анасы тарапынан баласына тиісті деңгейде қаралмай жатыр деген шағым түскен, алайда бұл фактілер расталған жоқ. Сот-медициналық сараптама жүргізілді. Балада өте күрделі диагноз бар, – деді министр.
Әлназарова олардың жағдайға қатысты тергеу жүргізгенін хабарлады.
Бұл жағдайда анасының диагнозды қабылдағысы келмеген, емнен бас тартқан кездері болған. Бала ем-домды үзіп алған, бұл өз кезегінде белгілі бір асқынуларға әкелді.
Қазір біз бүкіл қызметті жаңғырту, сондай-ақ емнен бас тартқан жағдайда қорғаншылардың жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастырып жатырмыз, – деді Әлназарова.
ЛИФТІДЕГІ БАЛАҒА ШАБУЫЛ
Еске салайық, жантүршігерлік жайт 11 ақпанда болған. Жәбірленуші бала небәрі 5 жаста. Лифт ішінде пышақпен балаға шабуыл жасаған адам – психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім екені анықталды. Оның заңды өкілдері полицияға шақырылды. Полиция департаментінің мәліметінше, олар «баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылады». Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.