×
503.42
542.08
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.42
542.08
6

«Шулап болдыңыздар ма»: хит болған башқұрт әнін шығыстанушы талдап берді

26.03.2025, 22:25
«Шулап болдыңыздар ма»: хит болған башқұрт әнін шығыстанушы талдап берді
Ашық дереккөзден

Шығыстанушы Еңлік Ақдәулет әлеуметтік желіде кеңінен таралған башқұрт әнін талдап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘУЕЛІ ӘН ТУРАЛЫ

Әуелі шығыстанушы Еңлік Ақдәулет әлеуметтік желіде башқұрт әніне қатысты айтылған сындарды бір тізіп алған. 

“Хомай, хомай деп шулап болдыңыздар ма? Ұмай, Құмай, Сұмай... Шаманизм дей ме, орыстардың әдейі істеп отырғаны дей ме, арабтың, парсының аңызы дей ме... Әп-әдемі башқұрт қызының әдемі бейнебаянынан әр адам өзі не көргісі келді, соны көрді. Желіде шулаған мыңдаған пікір айтушының ішінде Орал батыр деген не дастан өзі деп ізденген біреу болды ма?”- дейді шығыстанушы.

ОРАЛ БАТЫР ЖЫРЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ОРНЫ

Шығыстанушының сөзінше ән сөзі башқұрт халқының "Орал батыр" жырына негізделіп жазылған. Бұл түркі халықтарының ортақ рухани мұраларының бірі. Эпос көптеген түркі халықтарының аңыз-әңгімелерімен үндес. Шығыстанушы Еңлік Ақдәулет атап өткендей, "жырдың көп жері Авестаға келеді". Яғни, бұл аңыз тек башқұрттарға ғана емес, жалпы түркі халықтарына ортақ мифологиялық желіні қамтиды. 

ХОМАЙ ОБРАЗЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҒЫНАСЫ

Жырда кездесетін Хомай бейнесі ерекше назар аудартады.

"Башқұрт аңызында Самрау деген көк тәңірі бар, өзі киелі құс көрінеді, әділет пен бейбіт өмірдің символы" дейді Еңлік Ақдәулет.

Самраудың екі қызын жылан патшасы ұрлап әкетіп, оларды Орал батыр құтқарады. Бұл сюжет түркі халықтарындағы батырлық жырлардың ортақ мотивтерін еске салады.

ОРАЛ БАТЫР ЖЫРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЭПОСТАРЫНЫҢ ҰҚСАСТЫҒЫ

Жырдағы кейіпкерлер мен оқиғалар қазақ эпостарымен тығыз байланысты.

"Оралдың балаларының аттары да құлаққа таныс - Еділ, Жайық, Сақмар, Нөгөш. Орал жақтағы төрт өзеннің аты" деп жазады Ақдәулет.

ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ ҚАБЫЛДАУ ЖӘНЕ БАУЫРЛАСТЫҚ МӘСЕЛЕСІ

Еңлік Ақдәулет "бұл жырды тыңдап, бауырластық пен жақындық сезінудің орнына, халықтар бір-бірімен дауласып жатқанын" өкінішпен атап өтеді.

“Осы бар ғой, ертең қазақтың бір қызы Қыз Құртқа жайлы жырлап, әдемі клип түсіріп, ән салса, әлгіден бәлен мін тауып, байғұс қызды түтіп жеп қоямыз-ау. Айолаң башқұрт болып аман қалды. Оны да башқұрттар сынап жатыр дейді. Соған қарағанда, сөзсіз, олар біздің нағыз бауырымыз-ау. Біз мына түрімізбен оңбаймыз. Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос! Абай да ескірмейді, Қазаққа да ес кірмейді-ау...”- дейді шығыстанушы. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев та бұл әнге өзінше талдау жасаған еді.