Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанда мыңдаған ұялы телефон өшірілуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨЗГЕРІСТЕР
2025 жылғы 25 наурыздан бастап Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл өзгерістер тек елге 25 наурыздан кейін әкелінген құрылғыларға ғана қатысты. Бұған дейін Қазақстанда жұмыс істеп тұрған барлық мобильді телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енгізіледі және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастыра береді.
КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ
Бизнес өкілерімен болған бірнеше кездесуден кейін, тіркелмеген, бірақ бұрын әкелінген және әлі сатылмаған құрылғыларды тіркеу үшін қосымша 60 күн беру туралы шешім қабылданды. Яғни, бизнеске және азаматтарға 2025 жылғы 25 мамырға дейін барлық құрылғыларды https://kz-imei.kz порталы арқылы заңдастыруға мүмкіндік берілді.
ЖАҢА ТАЛАП
Жаңа талаптарға сәйкес, елге алғаш рет әкелінетін барлық мобильді құрылғылар міндетті түрде GSMA халықаралық деректер базасында, сондай-ақ мемлекеттік салық және кедендік жүйелерде верификациядан өтуі тиіс. Бұл құрылғының өндіруші мәлімдеген сипаттамаларға сәйкестігін, елге заңды жолмен әкелінгенін және растайтын құжаттардың болуын, сондай-ақ IMEI-кодтың жоғалған, ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар базасында бар-жоғын тексеруді көздейді.
Верификациядан келесі тұлғалар өтуі тиіс:
Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін заңдастырылмаған құрылғыларға ұялы байланыс қызметтерін пайдалану шектеледі. Сонымен қатар, желіге алғаш қосылғаннан кейін 30 күн ішінде тіркеуден өтпеген құрылғылар қара тізімге енгізіліп, бұғатталады.
ТЕЛЕФОН САТЫП АЛМАС БҰРЫН...
Құрылғыны сатып алмас бұрын оның IMEI-кодын https://imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеруге болады. Бұл азаматтарға жалған немесе ұрланған телефон сатып алудан сақтануға мүмкіндік береді. Еске саламыз, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, абоненттік құрылғылар қайтаруға немесе айырбастауға жатпайды.
Бұл шаралар мобильді техника нарығындағы көлеңкелі айналымды азайтуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, бизнесті жүргізуге ашық әрі әділ жағдай жасауға және құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылғы 25 наурызға дейін Қазақстанда жұмыс істеп тұрған барлық құрылғыларға бұл талаптар қолданылмайды, олар бұрынғыдай қалыпты режимде жұмыс істей береді.
Цифрлық даму министрлігі жаңа ережелердің енгізілу барысы туралы халықты тұрақты түрде хабардар етіп отырады және азаматтарды мобильді құрылғы сатып алмас бұрын оның деректерін мұқият тексеруге шақырады.