×
503.42
542.08
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.42
542.08
6

Қазақстандағы ең алғашқы мектеп: 184 жыл бұрын ашылған білім ордасы жайлы білеміз бе

28.03.2025, 08:10
Қазақстандағы ең алғашқы мектеп: 184 жыл бұрын ашылған білім ордасы жайлы білеміз бе
фото: gov.kz

Қазақстандағы ең алғашқы бастауыш мектепке 184 жыл толды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елде XIX–XX ғасырларда негізі қаланған және бүгінгі күнге дейін ұлттық білім беру дәстүрлерін сақтап, дамытып келе жатқан 97 мектеп пен 12 колледж бар.

Олардың қатарында Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан атындағы мектептің шоқтығы бөлек. Бұл оқу орны 184 жыл бойы үздіксіз білім беріп келеді.

Алғашқы бастауыш мектеп 1841 жылы ашылған. Бұл білім ордасы қазақ зиялыларының көптеген көрнекті өкілдерін тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында ғалым Мұхаммед-Салық Бабажанов, ағартушы Макаш Бекмұхамбетов және «Мұғалім» журналының алғашқы редакторы Ғұмар Қараш бар.

Тарихы тереңнен тамыр тартқан өзге де білім ордаларының ішінде Қызылорда облысындағы №16 мектеп-лицей (164 жыл), Ақтөбе облысындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп (162 жыл) және Атырау облысындағы Қызылүй орта мектебі (144 жыл) бар. Сондай-ақ, Ақмола облысындағы Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжі 129 жылдан бері мамандар даярлап келеді.

Қазақ жеріндегі ағартушылық тарихы ғасырлар тереңіне кетеді. Ғасырға жуық тарихы бар мектептер – осы тарихтың куәгерлері, ұлттық рух пен ұрпақтар сабақтастығының сақтаушылары. Аймақтардың қолдауы мен мұғалімдердің жанқиярлық еңбегінің арқасында олар өз маңызын сақтап қана қоймай, ел дамуына үлес қосуда. Бүгінде бұл білім ордаларын сақтап қалу ғана емес, оларға жаңа серпін беру де маңызды, – деп атап өтті министр Ғани Бейсембаев.

Бұған дейін кейбір қазақстандық мектептерде оқу уақытының өзгеруі мүмкін екені хабарланған еді.