Атырау облысының Құлсары қаласында жантүршігерлік қылмыс тіркелді. 27 наурыз күні түстен кейін жергілікті емханада қызмет ететін әйел өз кабинетінде пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті – оның бұрынғы күйеуі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН
Куәгерлердің айтуынша, күдікті әйелдің жұмыс орнына келіп, оған бірнеше рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған жәбірленуші оқиға орнында жан тапсырған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, марқұм емханада заңгер болып қызмет атқарған. Олардың некесінде екі бала тәрбиеленген.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Құлсары қаласы, Жылыой ауданында болған бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 'Адам өлтіру' бабы бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда кешенді тергеу амалдары басталды. 33 жастағы күдікті жедел іздестіру барысында ұсталып, қамауға алынды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.
ЕЛДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Бұл жағдай қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ушығып тұрғанын тағы бір мәрте көрсетті. Бұған дейін Қызылорда қаласында күйеуі қызғаныштан әйелін соққыға жығып, қабырғаларын сындырғаны туралы хабарланған еді. Жергілікті журналистердің мәліметінше, жанжалдың себебі – әйелінің дәрігерге қаралуы болған.
2023 жылы дәл осы өңірде тағы бір ер адам әйелін соққыға жығып, небәрі 73 мың теңге айыппұлмен құтылған.
Отасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жазаны қатаңдату мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл қанды оқиға елімізде әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті екенін тағы да дәлелдеп отыр.