×
503.42
542.08
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.42
542.08
6

Қартайған әке-шешесін қарамайтын балалар алимент төлеуге міндетті – заң

28.03.2025, 14:13
Қартайған әке-шешесін қарамайтын балалар алимент төлеуге міндетті – заң
Ulysmedia.kz коллажы/Егемен Қазақстан

Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев елде қарттар үйінің саны азайғанын және мемлекет бұл бағыттағы саясатты қалай жүргізіп жатқанын түсіндірд, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАРТТАР ҮЙІНІҢ АХУАЛЫ ҚАЛАЙ

Ресми жауапқа сүйенсек, Қазақстанда өзіне-өзі күтім жасай алмайтын қарт азаматтар арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылады. Әлеуметтік кодекс бойынша, бұл қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық және үй жағдайында көрсетіледі. Оларды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген

Қазір елде 46 стационарлық мекеме жұмыс істейді. Оның 45-і – мемлекеттік, ал 1-еуі – үкіметтік емес ұйым. Бұл орталықтарда бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар, онкологиялық, психикалық ауруларға шалдыққан немесе қамқоршысы жоқ қарттар тұрады. Мемлекет оларды тұрақты күтіммен және медициналық қызметтермен қамтамасыз етеді.

Алайда 2017 жылы мұндай мекемелердің саны 51 болған, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 45-ке дейін азайған. Үкіметтің айтуынша, бұл қарттарға үй жағдайында көмек көрсетудің артуымен байланысты болып отыр.

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ ҚЫЗМЕТ АҚЫЛЫ БОЛА МА

Егер қарт адамның кәмелетке толған балалары болса, олар ата-анасына қамқорлық көрсетуге міндетті. Дегенмен, ата-аналарына үй жағдайында қамқорлық көрсете алмаған жағдайда оларды қарттар үйіне ақылы түрде орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Қазақстанда мұндай ақылы қызметті тек Астанадағы «Шарапат» қарттар үйі ұсынады. Көп жағдайда бұл қызметтің ақысын балалары төлейді.

АЛИМЕНТ ТӨЛЕУГЕ МІНДЕТТІ

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске сәйкес, еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өзінің еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауға міндетті. Егер ата-аналарына қамқорлық көрсетілмесе, олар сот арқылы алимент өндіріп ала алады. Алайда бұл құқық тек қарт адамның жеке шешімімен іске асады. Бұл сұрақ қоғамда жиі талқыланады, себебі кейбір қарттар балалары тарапынан тиісті көмекті ала алмайды.

Кейбір депутаттар 70 жастан асқан азаматтардың жылжымайтын мүлкін басқа адамның атына рәсімдеуіне шектеу қоюды ұсынған еді. Алайда Конституция бойынша, әр азамат өзінің заңды мүлкін иеленуге, пайдалануға және билік етуге құқылы. Әділет министрлігінің мәліметінше, мұндай шектеу азаматтардың меншік құқығын бұзатындықтан, заң аясында іске асырылмайды. Егер адам өзінің мүлкін сатқысы, сыйлағысы немесе басқа біреуге бергісі келсе, оған ешқандай заңды шектеу қойылмайды.