Үкіметтік жұмыс тобы жағдайды сараптап, бағалау және шара қолдану үшін Жамбыл облысына жіберілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында болған жер сілкінісіне байланысты жергілікті атқарушы органдарға жағдайды талдау, жедел шаралар қабылдау, келтірілген шығынды анықтау және бағалау мәселелерінде көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы өңірге жіберілді.
Сондай-ақ жұмыс тобы құрамында – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ филиалының басшылығы, Үкімет Аппаратының өкілдері бар.
ТАПСЫРМА
Премьер-министр бірінші кезекте әлеуметтік нысандардағы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол қатынастары мен өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жағдайды басым тәртіппен бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар нысандарды тексеру, шығындарды бағалау және деректерді жинау бойынша мобилді топтардың санын көбейтуді тапсырды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бүгін Жамбыл облысында жер сілкінісі болды. Жер дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т. Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 балл, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында – 2 балл.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық жедел штаб жұмыс істеуде. Барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қалыпты жұмыс істеуде. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
ҒИМАРАТТАР
Алдын ала мәлімет бойынша Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасы, Ойтал ауылындағы мектеп ғимаратының қабырғасында жарықтың пайда болғаны анықталды. Басқа нысандар туралы ақпарат нақтылануда.