Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) «Несиелік рейтингтік агенттіктер туралы» заң жобасын жариялады. Заң жобасының мақсаты – нарықты реттеу, жергілікті агенттіктердің пайда болуына жағдай жасау және инвесторлардың ақшасына ірі компаниялардың ғана емес, шағын және орта бизнестің (ШОБ) де қол жеткізуін жеңілдету. Ulysmedia.kz бұл заң жобасы қазақстандық бизнеске қалай әсер ететінін саралады.
ҚОМАҚТЫ АҚШАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ
Елдің банк жүйесі бизнесті несиелендіруге аса құлшыныс танытпайды, ал кәсіпкерлер қаражатты жоғары пайызбен алуға дайын емес. Шетелдік инвесторлар негізінен тау-кен, металлургия және мұнай-газ секторына инвестиция салуды жөн көреді. ШОБ-ты дамытуға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер беру бюджетке тым қымбатқа түседі. Тығырықтан шығудың жолы қор биржасы (KASE) болуы мүмкін, мұнда шағын компаниялар даму үшін салыстырмалы түрде арзан әрі қомақты қаражат алады. KASE осы бағытта жұмыс істейді, бүгінде биржада ШОБ өкілдерінің бағалы қағаздары пайда бола бастады.
Бірақ бұл жерде тағы бір мәселе туындайды. Инвесторға, әсіресе компанияны мұқият тексеру үшін ресурстары жоқ жеке тұлғаға қандай да бір нұсқаулық қажет. Жақында биржа инвесторларға білім беру және олардың аса танымал емес эмитенттері туралы баяндайтын іс-шаралар өткізуді міндетке алды.
Бұл шамасы мәжбүрлі шара, әдетте инвесторлар халықаралық агенттіктердің рейтингтерін ескереді. Бірақ мұндай рейтингті алу бизнеске орта есеппен 80 мың доллар шығын әкеледі. Бұл ШОБ үшін қомақты сома. Қазір Қазақстанның рейтингтік қызметтер нарығында халықаралық рейтингтік агенттіктердің үлесі басым. Оның ішінде: Fitch Ratings үлесі – 42%, Moody ' s – 23%, S&P – 34%. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ҚНРДА бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Дәулетбақ мәлім етті. Аталған заң жобасының көздегені де сол, қазақстандық бизнестің рейтингін неғұрлым төмен бағаға жүргізу үшін “жергілікті агенттіктердің” пайда болуына жағдай жасау. Бірақ бұл мәселеде түйткілдер бар.
МОНОПОЛИЯ МА, БӘСЕКЕ МЕ?
Қазақстанда жергілікті агенттіктің пайда болу қажеттілігі туралы екі жыл бұрын айтылған. Былтыр тіпті «Ұлттық рейтинг агенттігі туралы» заң жобасы пайда болды. Ол 2025 жылдың басында мәжіліске түсуі керек еді, бірақ қазір ҚНРДА нарықтағы өзгерістерді жекелеген түрде ұсынбай, «жергілікті агенттіктер» үшін жағдай жасауға назар аударып отыр.
Бір қызығы, былтыр жазда сарапшылар ұлттық агенттік қажет пе, жоқ па деген сұрақпен бас қатырды. Олардың дені агенттік пайда болса тек біреуі ғана жеткілікті деген пікірге тоқтады. Өйткені нарық шағын болғандықтан бәсекелестік соңы жақсылыққа әкелмейді. Бірнеше агенттік пайда болған кезде, олар клиент үшін түрлі тәсілдерге барады, мысалы, төмен бағамен жоғары рейтингтер ұсыну деген сияқты. Бірақ монополия кезінде де тәуекелдер бар. Бәсекелестік болмаған жағдайда жалғыз рейтингтік агенттік қызмет сапасына қызығушылық танытпайды және рейтинг штамптау зауытына айналады.
ТӘУЕЛСІЗ БОЛУ МАҢЫЗДЫ
Былтыр рейтингтік агенттік құру мәселесін талқылағанда оған мемлекеттің қатысуы туралы да алаңдаушылық білдірілді. Сарапшылар «ұлттық» сөзіне мән берді. Бұл ретте тәуелсіздік мәселесі маңызды, себебі квазимемлекеттік компаниялар жасаған рейтингтің шынайылығына күмән туындауы мүмкін.
ҚНРДА «ұлттық» сөзінен қашқалақтап отырғанымен, ең әуелі мемлекеттің қатысуымен агенттік пайда болады және ол жалғыз болуы мүмкін.
Жергілікті рейтингтік агенттік құруға қаржы институттары қатысады деп болжанып отыр. Атап айтқанда, ілеспе заң жобасында қаржы институттарының, қор биржасының, кредиттік бюролардың капиталына кіру мүмкіндігі көзделеді, яғни капиталды бірінші кезекте Қазақстанның коммерциялық ұйымдары, қаржы институттары қалыптастырады. Бұл ретте заң жобасы жергілікті рейтингтік агенттіктің қатысушысы, оның ішінде мемлекеттік органдардың бірі болуы мүмкін, - деді ҚНРДА бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Әділ Мамажанов.
Сонымен қатар ол мүдделер арасындағы келіспеушілік туындамайтынын айтады. Яғни, агенттік құруды кім қаржыландырса, соның дегені болады.
Білікті қаржы институттары жергілікті ұлттық рейтинг агенттігінің құрылтайшысы болып саналатын тәсіл әлемдік тәжірибеде өте кең таралған. Иә, меншік құрылымынан туындайтын мүдделер қақтығысының белгілі бір тәуекелі бар. Халықаралық комиссияның, ұйымның, бағалы қағаздар жөніндегі комиссияның ұсыныстарына негізделген заң жобасы, ең алдымен, осы мүдделер қақтығысын тиімді басқаруға және азайтуға бағытталған. Халықаралық тәжірибеде бұған жергілікті рейтингтік агенттіктің әртараптандырылған меншік құрылымы мен тәуелсіз директорлар кеңесі қол жеткізеді, - деп атап өтті Әділ Мамажанов.
ШОБ ТАҒЫ ДА ШЕТ ҚАЛА МА?
Теориялық тұрғыдан Қазақстанда жергілікті рейтингтік агенттік құрудың көп артықшылығы бар. Бизнес өзінің жағдайы мен болашағының толық және дәл бейнесін алады, өйткені шетелдік мамандар компанияларды бағалаған кезде жергілікті нарықтың ерекшеліктерін ескермеуі мүмкін. Халықаралық агенттіктердің бағалауына тәуелділік төмендейді, бұл – әсіресе геосаяси тұрақсыздық жағдайында өзекті. Инвесторлардың ақшасы экономикада тиімді бөлінеді, өйткені жоғары рейтингке ие болашағы бар компаниялардың ары қарай дамуға қаражат алу мүмкіндігі жоғары. Ал қосымша арзан қаржыға ие болу бизнестің биржаға шығуына мүмкіндік береді.
Алайда мұның бәрі ірі бизнеске қатысты, ал ШОБ өкілдеріне жергілікті рейтингтік агенттік қызметі қымбатқа түсуі мүмкін.
Алдын ала есептеулер бойынша баға отандық нарықта халықаралық агенттіктер ұсынатын мөлшерден екі-үш есе төмен болады. Бұған мысал ретінде рейтингтік қызмет нарығы ертеден қалыптасқан Ресейді келтіруге болады. Онда рейтингтің орташа бағасы 17 000 доллар шамасында. Біз қандай да бір салыстырмалы нәтиже күтеміз, - деді Әділ Мамажанов.
Тағы бір кілтипан бар. Ұлттық рейтингті алу қазақстандық компанияларға міндетті болуы әбден мүмкін.
Біз әртүрлі халықаралық тәжірибелерді мұқият зерттеп жатырмыз. Әр елдегі жағдай әртүрлі. Оңтүстік Кореяда бұл шынымен де облигациялар шығару кезінде міндетті шарт. Ал кейбір елде несиелік рейтинг алу міндетті емес. Енді бір елдерде бағалы қағаздар кімге, инвесторлардың қай класына ұсынылатынына байланысты. Бірақ қазір бұл мәселелер заң жобасымен реттелмейді, ол тек болашақта нарық қатысушыларымен бірге қаралады, - деп атап өтті Әділ Мамажанов.
Ұлттық рейтингті алудың міндетті немесе міндетті еместігі туралы мәселеге келсек, ҚНРДА өкілі ол тек биржадан қаражат алатын компанияларға қатысты болатынын атап өтті. Алайда мемлекеттің жергілікті рейтингтік агенттікке қатысуын ескере отырып, болашақта рейтингтің болуы ШОБ-қа мемлекеттік субсидия немесе жеңілдетілген несие алу үшін міндетті критерий болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.