Илон Масктың саясатына қарсы әлемде 200-ден астам наразылық акциясы болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
The Guardian газетінің хабарлауынша, 29 наурызда бірнеше елде Илон Маскқа және оның АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіндегі рөліне қарсы жаппай наразылық акциялары өтті.
200-ДЕН АСТАМ ҚАЛАНЫ ҚАМТЫДЫ
Наразылық шеруі 200-ден астам қаланы қамтыған. Олардың ішінде Жаңа Зеландия, Австралия, Финляндия, Норвегия, Дания, Германия, Франция, Нидерланды, Ұлыбритания және АҚШ сияқты елдердің қалалары бар.
Лондонда наразы топ Парк Роял ауданындағы Tesla автосалонының алдына жиылды, олар Маскты фашизмді, ксенофобияны және мизогинияны қолдады деп айыптады. Акция бейбіт сипатта өтті, бірақ соңғы апталардағы ең ірі наразылықтардың бірі болды.
ҮШ ҰСТАНЫМ
Нью-Йоркте Tesla автосалонының алдында 500-ге жуық адам Илон Маск басқаратын тиімділік департаментін (DOGE) жабуды талап етті. Бұл департамент АҚШ-тағы мемлекеттік аппараттағы қызметкерлер мен бюджетті қысқартумен айналысады.
Наразылық шерулері сондай-ақ Вашингтон, Ванкувер, Берлин, Париж және басқа да қалаларда өтті. Ұйымдастырушылар жұртты үш негізгі әрекетке шақырды. Ол: Tesla көліктерін сатып алмау, компанияның акцияларын сату және «Tesla Takedown» («Tesla-ны құлату») қозғалысына қосылу. Ұрандардың бірінде: «Теслаға соққы беру – Маскқа соққы беру. Маскты тоқтату – бұл біздің өмірімізді және демократияны сақтау, - деп жазады басылым.
Ирландияда наразылық «Smash the Fash» («Фашизмді талқанда»), ал Швейцарияда «Down with Doge» («Аулақ кет Doge») деп аталды.
МӘСЕЛЕНІҢ ТӨРКІНІ
Илон Маск – америкалық кәсіпкер, SpaceX және Tesla-ның негізін қалаған.
2024 жылдың қараша айында АҚШ президенті Дональд Трамп Маскты үкіметтің тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы етіп тағайындайтынын жариялады. Маск бұл қызметке ресми түрде 2025 жылдың 20 қаңтарында кірісті.